Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде ант беру кезінде Сенат спикері Дариға Назарбаева Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор мәртебесін беру туралы ұсыныс айтқан болатын. Сенаторлар дауыс беріп, осы бастаманы бірауыздан қолдады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасының Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сонымен бірге отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы, Конституцияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және қоғамды біріктіруге, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындауға қосқан зор үлесін мойындай отырып, Парламент Сенаты қаулы етеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне құрметті сенатор мәртебесі берілсін, — деді Талғат Мұсабаев.
Мұндай жоғары мәртебе Қазақстан мемлекетті мен парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы оның тарихи ролін мойындау белгісі ретінде беріледі. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева бұл мәртебеге қатысты пікір білдірді.
Құрметті әріптестер, біз бүгін тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор мәртебесін беру туралы тарихи шешім қабылдадық. Бұл — Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына және Қазақстан қоғамының бірігуіне зор үлес қосқаны үшін әділ баға және құрмет. Барлығына көп рақмет. Енді ол Сенатқа келіп тұрады деп ойлаймыз, — деді Дариға Назарбаева.
29 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағы берілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мұндай атақты беруді Ресей Президенті Владимир Путин ұсынған.