Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары ЕЭК құрметті төрағасы болды

Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мұндай атақты беруді Ресей Президенті Владимир Путин ұсынған.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағы берілді.

Бүгінгі шара Еуразия интеграциясы жөніндегі идеяның 25 және Еуразия экономикалық одағы жөніндегі келісімнің 5 жылдығына арналып отыр. Еуразия интеграциясы идеясының авторы және бастамашысы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке құрмет көрсетуге рұқсат етіңіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси көрегендігінің арқасында Еуразия интеграциясы идеясы шынайы жүзеге асырылып, құрлықтың экономикалық, сонымен қатар геосаяси ландшафтын түрлендірді деуге де болады. Сондықтан оның Еуразия экономикалық одағының қалыптасуындағы ролін ескере келе РФ Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлына Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды, — деді Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің шағын құрамдағы отырысын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті осы бастаманы көтерген Владимир Путинге және бастамаға толық қолдау білдірген кеңеске мүше мемлекет басшыларына алғыс айтты.

29 мамыр күні Нұр-Сұлтанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия интеграциясы идеясының 25 және Еуразия экономикалық одағы жөніндегі шарттың 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы өтіп жатыр.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы
Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің шағын құрамдағы отырысы. Фото: Аkorda.kz

Шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян қатысып жатыр. Сонымен бірге Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде келді. Мемлекет басшылары ЕАЭО-ны дамытудың өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Күн тәртібінде цифрлық даму, одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелер және 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономика саясатының негізгі бағдарлары. Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы шарттың 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі жасалады, бірқатар халықаралық құжатқа қол қойылады.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенкоға, Сооронбай Жээнбековке және Владимир Путинге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс еткен еді.

ДереккөзInform.kz
Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз