Семейде көпбалалы 45 отбасы баспаналы болды

Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында облыстық тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Қарағайлы» ықшамауданында салынған үйден 50 пәтер сатып алынды. Өңір басшысы пәтерлерді аралап, тұрғын үйдің сапасына жоғары баға берді, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады.

Барлық көпбалалы анаға пәтер беру керек. Бірақ бұл үлкен мәселе бір жылдың ішінде шешілмейді. Биыл Семейде жыл соңына дейін тағы 30 отбасыға пәтер беріледі деген жоспар бар. Осы жылдың екінші жартыжылдығында қалада тағы 179 мың шаршы метрге үй саламыз. Бұл баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді, — деді Даниал Ахметов.

Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін 10,5 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Оның 371-і — көпбалалы отбасы. Биыл облыстың көпбалалы 290 отбасына баспана беріледі.

Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Былтыр өңірде 410,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 639,9 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды.