«Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының 4 мүшесі ұсталды

«Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының 4 мүшесі ұсталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті «Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының 4 мүшесінің заңға қайшы әрекетінің жолын кесті, олар өңірдегі бизнес-орта өкілдерінің бірін күш көрсетіп қорқытып, одан ақша бопсалаған, — делінген хабарламада.

2019 жылғы 21 мамырда ұйымдасқан қылмыстық топтың екі мүшесі кәсіпкердің ақшасын тартып алған. Сол күні ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері жедел тергеу іс-шараларын жүргізу барысында оларды қылмысы үстінде қолға түсірді. Сот оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

23-24 мамыр күндері одан әрі тергеу шарасы барысында ұйымдасқан топтың осы қылмысқа қатысы бар тағы екі мүшесі анықталып, ұсталды. Қазір ҰҚК департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін ҚР ҰҚК «Әлиевтікілер» ұйымдасқан қылмыстық тобының 4 мүшесі — Қадыр Әлиевтің, Аңсар Дартаевтың, Дмитрий Терешиннің және Ерсен Жұмабаевтың 7 жыл, 1 айға сотталғанын хабарлаған еді.

Сотталғандар адам ұрлау, тонау, қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамның атағын иемдену сияқты қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.