1. Тест: Руыңыз кім?
Адамның мінезіне, табиғатына қарап руының кім екенін білуге болады деп жатады. Бұл қаншалықты рас? Baribar.kz-тің ойын сұрақтарына жауап беріп, қай рудың өкіліне ұқсайтынын білгісі келгендер аз емес. 3 мамырда жарияланған бұл тест көктемнің соңғы айында ең көп оқылған материалдар тізімін бастап тұр. Бүгінге дейін ол 10 496 рет қаралған.
2. 2019 жылғы ораза кестесі
Сәуірдің соңғы күндері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айындағы ораза және намаз кестесін бекітті. Baribar.kz өңірлердегі ауыз бекіту мен ауызашар уақытын жинақтап, 3 мамырда жариялаған еді. Материал 9 778 рет оқылған.
3. Бала қалай өтірікшіге айналады?
Патологиялық өтірікші — өтірік айтпай тұра алмайтын және өз өтірігіне өзі сенетін адам. Ондайларды мамандардың бірі «сырқат», «психикасы бұзылған адам» деп есептесе, бірі өтірік айтуды жай ғана әдет деп қарастырады. Baribar.kz психолог Аида Өтемісовадан баланың қалай өтірікшіге айналатыны жөнінде жауап алды. Материал 4 мамырда жарияланып, бүгінге дейін 2 637 рет оқылған.
4. Жанна Асанова: Студентті ешкім сайлауға мәжбүрлеп қатыстырмайды
ҚР Президентін кезектен тыс сайлау кезінде дауыс беруге студенттерді мәжбүрлеп қатыстыруға ешкімнің құқы жоқ. Сайлауды ұйымдастыруға мұғалімдер де күштеп тартылмайды. Бұл туралы Алматы сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асановамен болған сұхбатта айтылды. 20 мамырда жарияланған бұл материал бүгінге дейін 2 481 рет оқылды.
5. Гроссмейстер қайдан шығады? Гүлмира Дәулетова баланы шахматқа баулу туралы
Баланы шахматқа қанша жастан баулу керек? Олардың шахматты үйде, ата-анасының қасында ойнап көруі қаншалықты маңызды? Шахмат ойнай бастаған оқушының бойында қандай өзгеріс болады? Шахмат туралы осы және өзге де сауалдарға халықаралық спорт шебері, Қазақстан шахмат федерациясы басшысының орынбасары Гүлмира Дәулетова жауап берді. Материал 21 мамырда жарияланып, бүгінге дейін 1811 рет қаралған.
6. Ресейдің қиырында бір топ адам Қазақстанды сағынып жүр
Ресейдің Ленинград облысында Эстониямен шекаралас жатқан Кингисепп деген қала бар. 2018 жылғы мәлімет бойынша мұнда 46,7 мың адам тұрады. Жергілікті халықтың арасында Қазақстанды сағынатын, қазақ елінде болып жатқан жаңалықты қалт жібермей қадағалап жүретін адамдар бар. Олар — кезінде Қазақстанда тұрып, кейін тағдырдың түрлі себебімен Ресейдің осы бір қиыр түкпіріне қоныс аударған азаматтар. Baribar.kz тілшісі Ленинград облысына барған сапарында бұл адамдармен кездесіп, пікірлесті. 14 мамырда жарияланған бұл материалды 1 754 адам оқыған.
7. Кене шаққанда не істеу керек?
Күн жылыда таза ауада демалуға кедергі болатын нәрсе — жәндіктердің, соның ішінде кененің шығуы. Көзге көріне қоймайтын кенелер шөпте, бұталарда жүреді. Кененің шағуы адам ағзасына инфекцияның түсуімен қауіпті. Кене шаққанда не істеу керек? 4 мамырда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының кеңесін ұсынған едік. Бүгінге дейін матеиал 1 705 рет қаралды.
8. “Тақтар ойыны” неге бұлай аяқталды? Киноблогерлер рецензиясы
HBO телеарнасының тапсырысымен түсірілген әлемге әйгілі «Тақтар ойыны» сериалы аяқталды. 2011 жылдан бері жалғасқан телесериалдың соңғы маусымының шешуші сериясын ерекше ынтызарлықпен асыға күтпеген адам болмады. Бірақ соңғы көрсетілімнен кейін оның дәл осындай сценариймен аяқталуына көңілі толмаған фанат аз емес. Қазақстан киномандары «Тақтар ойынының» аяқталуы, сага желісі мен ондағы образдар тартысының бастапқы қисынға сай болуы жөнінде не дейді? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін 23 мамырда жарияланған материалды бүгінге дейін 1 559 адам қараған.
9. Жұмыс берушіден еңбекақыны қалай өндіріп алуға болады?
Жұмыс беруші еңбекақыны уақытылы төлемесе немесе жалақы төлеуден мүлдем бас тартса, не істеу керек? «Ваш личный юрист» Telegram-арнасының иесі, заңгер Әділет Шуақбаев азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді. Материал 6 мамырда жарияланып, бүгінге дейін 1 558 рет оқылды.
10. “Майдан жолы” жасағы Кингисеппте қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш қойды
Жасақ мүшелері ескерткіштің түбіне туған жердің бір уыс топырағы салынған металл капсуланы көмді. Топырақ Павлодардағы бұрынғы теміржол вокзалы маңынан алынған. «Майдан жолы» жасағының қазақстандық жауынгерлерге қойған ескерткіші туралы материал 1 155 рет оқылыпты.