Нариман Әбиев — кинопрокатты насихаттау жөніндегі маман, 48 Hour Film Race жобасының ұйымдастырушысы:

Нариман Абиев
Нариман Әбиев. Фото жеке архивінен

«Тақтар ойынының» 8-маусымынан «бомба» күтемін. Сериалдың сюжеті болжауға келмейтін, күрделі әрі тартымды болғандықтан соңғы маусымы мені таңғалдыратынына сенемін. Көптеген сериалда сюжет градусының төмендеу тенденциясы бар. Бірақ «Тақтар ойыны» ол санатқа жатпайды. Әр маусымы сайын Жеті патшалықтағы оқиғалар шиеленісе түседі. Сол себепті ол көрерменді таңдандырып аяқталатынына сенімдімін.

«Тақтар ойынында» менің сүйікті кейіпкерлерім өліп қалды. Бірақ сериалдың қызығы да осында — сүйікті кейіпкерлеріңнің кенет өліп кетуіне дайын болуың керек. Джоффри Баратеон, Рамси Болтон образдары мен оларды сомдаған актерлардың шеберлігіне тамсандым. Сендіргені сонша, тіпті, Джоффриді сомдаған Джек Глисонді шынайы өмірде сериалдың жанкүйерлері соққыға да жыққан.

Қазіргі кейіпкерлерден маған Джейме Ланнистер ұнайды. Оның сериалдың басынан осы кезге дейінгі өзгеруі, соңғы маусымда жағымды жағынан көрінуі керемет болды. Ол да кенет өліп қалса, таңғалмаймын. «Қызыл тойдан» кейін бәріне де дайынмын.

Сериал сюжеті күтпеген оқиғаларға толы болғандықтан, меніңше, соңғы бөлімдерде өте көп өлім болады. Басты кейіпкерлердің ішінде Джон Сноу мен Серсея өледі деп ойлаймын. Ал Түн королінің жағына шыққан айдаһар қалған екі бауырын да өлілер қатарына қосады деп ойлаймын.

Тақтар ойыны, Дейенерис
Иллюстрация: Dribbble.com ©Mostafa Omar Nasreldin

Интернетте «Тақтар ойынына» көптеген болжам жасалып, теориялар ұсынылды. Солардың біріне сүйене отырып, мен де Түн королі Бран Старктың екінші альтер эгосы деп ойлаймын.

Дінмұхамед Зиядин, PR-маман, Kinostan.kz жобасының негізін қалаушылардың бірі:

Дінмұхаммед Зиядин
Дінмұхамед Зиядин. Фото жеке архивінен

Соңғы маусым сериалдар тарихында, телевизияда, интернет алаңында бірқатар рекорд орнатады деп ойлаймын. Мәселен, әлдебір эпизод ең көп көрермен жинауы мүмкін. Жалпы, «Тақтар ойыны» кинематографтың дамуына, өзгеруіне ықпал етіп келе жатқан жоба ғой. Енді көрермен жоғалтып жатқан кинотеатрлар нарығы мен масштабты сериалдардың коллаборациясы орнайтын шығар.

Ал сюжет тұрғысынан ештеңе ойлағым да, күткім де келмейді. Бұл сериалдың сиқыры сол — сен өзіңді уақыт пен кеңістіктен тыс әлдебір бақылаушы сезінесің. Бірақ экранда болып жатқан дүниені өзгерте алмайсың. Сондықтан ештеңені болжап, бал ашпай, шоураннерлердің алдыңа әкеліп тартқан «әңгімесін» тыңдап, рахат алудан басқа жол жоқ. Керемет емес пе?

Джордж Мартин жазған кітап соқпағынан ауып, бөлек сюжет желісіне көшкелі бері сериал клише-шаблондарға әуес болып кетті. Сондықтан күтпеген твист болады деп ойламаймын. Әрине, қаптап жүрген бас кейіпкерлердің бірі немесе бірнешеуі қаза табуы мүмкін. Меніңше, соңғы маусым шок қылатын сәттерімен емес, аса ауқымды шайқас сахналарымен, визуалымен таңғалдыратын сияқты.

Таққа Джон Сноу мен Дейенерис Таргариен отырады деп ойлаймын. «Тақтар ойыны» қазір фансервиске айналып кетті, сондықтан хэппи-энд болуы керек, әйтпесе, авторлар бүкіл әлемдегі жоба фанаттарының ашу-қарғысына ұшырайды. Ал бұл қаржының белгілі бір көлемінен айыруы мүмкін. Күтпеген адамды таққа отырғызуға шоураннерлердің батылы жетпейді деп ойлаймын.

Тақтар ойыны, Тирион Ланнистер
Тирион Ланнистер. Иллюстрация: Dribbble.com ©Habib Rahal

Кейіпкерлердің арасында Тирион Ланнистерға көбірек ұнайды. Өліп қалса, өкінемін. Бірақ сюжет шынайы өмірге барынша жақын жазылғандықтан мұндайдың мүмкін екенін алдын ала түсінесің, қабылдайсың.

Кәрім Қадырбаев, киносыншы, актер:

Кәрім Қадырбаев
Кәрім Қадырбаев. Фото жеке архивінен

Соңғы маусымнан шынымен де мені таңғалдыратын өзгерістер күтемін. Авторлар көрерменді қатты күттіріп, көп абыржытты. Сондықтан финалды болжау мүмкін емес деп ойлаймын. Өзім де көптеген теория мен болжамды ұстанудан аулақпын. «Тақтар ойынын» рақаттанып, әсер алып қараған әлдеқайда қызығырақ.

Меніңше, сюжетте Джон да, Дейенерис те — негізгі кейіпкерлердің бәрі де өледі. Оған, тіпті, соңғы маусымның постері дәлел. Нәтижесінде бұл сериал кез келген империяның уақыт өте келе құлайтынын, бұрынғы дәуреннің орнында жаңа заман туатынын дәлелдей түсетіндей.

Кейіпкерлердің арасында Тирион мен Миссандеяға ықыласым зор. Олар сюжетте, соңғы шайқаста шешуші роль атқарып өледі деп ойлаймын. Ал Түн королі Бран деп сезіктенемін. Әйтпесе, оның жеті маусым бойы жетіліп, уақыт алуы бекер емес шығар. Қорғанның ар жағына шығу қауіпті болғанына қарамастан соған барып келуі де — оның маңызды кейіпкер екенінің дәлелі. Кім біледі, мүмкін сюжеттің шешімі де Бранға ғана байланысты болатын шығар?