Орманды-далалы жерде демалуды жоспарласаңыз, кене шаққан кездегі алғашқы көмек көрсетудің әдістерін біліп жүруіңіз қажет. Ең бірінші ескеретін жайт – кененің шаққаны бірден байқалмайды. Себебі ол ешқандай әсер туғызбайды, барлық жайсыздық кейін басталады.

Кене шағып алған кезде қалаға жақын жерде болсаңыз, шұғыл түрде жарақат пунктіне жүгіріңіз. Мамандар кенені артық қауіп-қатерсіз алып тастайды. Оны денеден ажырату оңай емес. Сондықтан асықпай, бәрін жүйелі істеу керек.

Кенені шығару үшін қарапайым жіпті пайдалануға болады. Ол үшін жәндікті жіппен аса мұқият екі айналыммен ораңыз. Пайда болған ілгекті кененің мойнына байлап, жіптің шеттерін бір-біріне жалғап, екі саусақпен айналдыру керек. Асығып, шұғыл қозғалыс жасаудың қажеті жоқ. Бұл – ең қауіпсіз амал.

Кенені шығарғаннан кейін шаққан жерге спирт, зеленка немесе йод жағып қойыңыз. Содан соң қолыңызды тазалап жуыңыз.

Шығарылған кенені суы бар жабық әйнек ыдысқа салып, зертханаға талдау жасауға апару қажет.

Кенелер көбейетін мамыр-маусым айларында саяжайдағы шөпті шауып тастаған дұрыс. Қалың нудың ішіне кірмеңіз, кенені уақытында көру үшін үсті-басыңызды үнемі тексеріп отырыңыз. Ол денеге бірден жабыспайды, әуелі қан тамырларына жақын орынды іздейді. Сондықтан өзіңіздің және басқалардың үстін қарап, киімде өрмелеп жүрген кенені ұстап үлгеруге болады.

Табиғаттағы демалыстан кейін киімдерді мұқият қараңыз. Кене киімнің қыртыстарында жүруі мүмкін. Кене шаққан орнына ауыртпайтын зат бөледі. Сондықтан киімді тексеру – профилактиканың ең маңызды тұсы.

Бұл айтылғандар жануарларға да қатысты. Олардың түктеріндегі кенелер байқалмайды. Ит пен мысықтың да үсті-басын міндетті түрде тексеру керек.

Кенені ешқашан қолмен алмаңыз. Мұндайда оның басы денесінен бөлініп кетуі мүмкін. Кененің басы денесінен тыс қозғала береді. Жіп болмағанда қысқышпен немесе төмендегі видеодағы тәсілмен мұқият алуға болады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!