Галина Невская — Кингисепптегі №3 жалпы білім беретін мектептің директоры. Ол Ақтөбе облысында туған. 8 жылдық мектепті бітірген соң Ақтөбедегі педагогика училищесіне оқуға түседі. Училищеде оқып жүріп №19 мектепте пионерлердің тәлімгері болып жұмыс істеген. Бір күні Галинаға жақын құрбысы «Ленинград облысында Кингисепп деген қала бар, сонда оқуға барайық» деп ұсыныс айтады. Сөйтіп ол Ақтөбеден Кингисеппке келеді.

Галина Невская. Фото жеке архивінен

1978 жылы қазіргі А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түстім. 1983 жылы Кингисепптегі №3  жалпы білім беретін орта мектепке биология, химия пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, осында қалып қойдым. 1998 жылдан бері осы мектепті басқарамын, — дейді ол.

Галинаның анасы да қазір Кингисеппте, қызымен бірге тұрады. Оның жасы 92-де.

Ақтөбеде үлкен әпкем мен жиендерім тұрады. Анам осында көшіп келгелі бір-ақ рет Қазақстанға барды. Онда жиі баруға денсаулығы жарамайды, қарт кісі. Қазақстанды өзім де сағынамын. Осындай көпұлтты халқы бар мемлекетте туып, өскеніме қуанамын, мақтанамын. Қазақстаннан кез келген ұлттың өкілін кездестіруге болады. Олар бір-бірімен тату-тәтті. Оған қоса, Қазақстан — өте әдемі мемлекет. Студент кезімде Аралда, Барсакелместе болдым. Таңғажайып жерлер! — дейді Галина.

Ал Вячеслав Лебедь Қазақстанда 10 жыл тұрған. Ол 4-курста оқып жүргенде Кентаудағы кәсіпорынның бірінде өндірістік практикадан өтті. Қазақстанға ең алғаш сол кезде келген.

1940 жылы Украинаның Винница облысында дүниеге келдім. Орта мектепті бітіргеннен кейін комсомол жолдамасымен Новокриворож комбинатында жұмыс істедім. Екі жылдан соң Ресейдің Ленинград облысындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскеріне аттандым. Әскерден келген соң Ленинград тау институтында білім алдым, — дейді Вячеслав Лебедь.

 

Вячеслав Лебедь оқуды бітірген соң Балқаштағы тау-кен-металлургия комбинатына жұмысқа жолдама алады. Оның айтуынша, Балқаш — өте әсем қала, халқы да керемет.

Қазақстан менің мықты маман әрі адам болып қалыптасуыма көмектесті. Комбинаттағы жұмысымды қарапайым мастер болып бастап, кейін ауысым басшысы, цех меңгерушісі, бас технолог қызметтеріне дейін көтерілдім. Қазір Балқашта әпкем тұрады. Маған қала қатты ұнаған. Ол жерден кеткім келмеді. Әйелімнің ұлты — орыс. Оның қолқалауымен Кингисеппке көшіп келдік. Қазақстанда менің ең қызық жылдарым өтті. Қазір сол кездерді қуанышпен еске аламын, — дейді ол.

Ресейде оқып, Қазақстанда еңбек жолын бастағандардың бірі — Василий  Дьяченко. Қазір оның жасы 82-де. Василий Ресейдің Воронеж облысында көпбалалы отбасында туған. Мектепте жақсы оқып, Воронеж мемлекеттік университетінің геология факультетіне оқуға түседі.

Оқу мен жыл сайынғы практика еліміздің түрлі ауданымен бірге өзге мемлекеттің тіршілігімен танысуға мүмкіндік берді. Өндірістік практикадан Воронеж облысында, Қырымда, Орталық және Оңтүстік Қазақстанда (қазіргі Түркістан облысы) өттім. Мені әсіресе, Қазақстан таңғалдырды. Бұл — 1957 жылы тың игерушілердің алғашқы отряды енді ғана пайда болған кез. Үйірімен бөкен жайлаған, қонысы аз шөлейтті жазық дала, есебі жоқ үйрек пен қаз және Орталық Қазақстанның тартылып қалған өзендеріндегі балық, бәрі-бәрі мені таңдандырды. Сол кезде Байқоңырдың маңайынан алғашқы континентаралық ракетаның іске қосылғанын өз көзіммен көрдім, — деп еске алды ол.

Василийді 1959 жылы университетті бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан геология басқармасына жұмысқа шақырады. Ол геология партиясында аға коллектор, инженер-геолог, аға геолог, сосын бас геолог қызметтерін атқарған. Оның айтуынша, қазақтар кез келген адамды ұлтына қарамай бауырына баса біледі.

Жамбыл облысы аумағында кобальт-мыс-темір кенін барлау жөніндегі мемлекеттік геологиялық барлау жұмысына қатыстым. Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумағындағы зерттеулерге араластым. Қазақстан туралы көп нәрсе айтуға болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіске жетуге Қазақстанның көп пайдасы тиді. Әсіресе, ел майданға өндіріс арқылы көмектесті. Патрон, снаряд сияқты қару-жарақ пен оның шикізаты Қазақстаннан келіп отырды. Қазақ халқы барлық ұлтқа бірдей құрметпен қарайды. Қазақстан кез келген халықты бөтенсінбей, өз бауырындай көреді. Ешқашан олардың арасында түсініспеушілік, ұрыс-керіс болғанын көрген емеспін, — дейді Василий Дьяченко.