ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев медиафорум қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді. Онда Президент биылғы Еуразия медиафорумы Қазақстанның қазіргі уақыттағы маңызды кезеңімен тұспа-тұс келгенін айтып, форумда әлемдік деңгейдегі көкейкесті мәселелер шешілетініне сенім артқан.

Еуразия медиафорумы
Фото: XVI Еуразия медиафорумы

Сонымен бірге Дәурен Абаев ҚР Президентінің Қазақстанда әділ демократиялық сайлау өтетініне кепіл болатынын жеткізді.

Армения Президенті Армен Саркисян XVI Еуразия медиафорумының қазіргі құбылыстарға қарсы әлемнің мықты иммунитет қалыптастыруына көмектесетінін айтты. Ол медиафорумның негізін қалаушылар — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Дариға Назарбаеваға алғыс білдірді.

Армен Саркисян
Армен Саркисян. Фото: XVI Еуразия медиафорумы

Армен Саркисян «Еуразия» дегенде ұлы өркениеттің тарихы, Ұлы Жібек жолы мен Қазақстан мемлекетінің ойға бірінші оралатынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан — Еуразия құрлығындағы экономикасы, саясаты мен мәдениеті жағынан алдыңғы қатарлы елдердің бірі.

«Еуразия» дегенде Қазақстанды ойламау мүмкін емес. Оның Еуразиядағы орны ерекше. Сондықтан Еуразия медиафорумының да осы елде өтуі бекер емес. Медиафорум бірнеше жылдан бері журналистердің платформасына айналды. Мұнда әлемнің бүгінгі шынайы өмірі айтылады, — деді Армения Президенті.

Ол бұл форумды алдағы уақытта да жалғастыруды сұрады.

Конференцияда әлемдік және аймақтық деңгейдегі көкейкесті мәселелер талқыланады. Күн тәртібінде жаһандану мәселесі, әсіресе, өзекті тұтыну дағдарысы, сонымен бірге халықаралық құқық проблемелары мен жасанды ақыл-ойды кеңінен пайдаланудан туындайтын сын-қатерлер айтылады. Форум аясында медиа саласындағы кәсіби тақырыптар, атап айтқанда, журналистиканың цифрлық дүниедегі келешегі мен блог жүйесі ықпалының күшеюі де сөз болады.

Еуразия медиафорумы
Фото: XVI Еуразия медиафорумы

Еуразия медиафорумының (ЕАМФ) мақсаты — Орталық Азиядағы жетекші әрі тәуелсіз диалог алаңы ретінде Қазақстан, Еуразия және бүкіл халықаралық қауымдастықты толғандыратын геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша саясаткерлер, журналистер мен сарапшылардың пікірталасына жағдай жасау.

Тағы да оқыңыз: XVI Еуразия медиафорумының спикерлері анықталды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!