ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру мен оны Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшіру жоспары туралы айтты.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Ұлттық банк қайта ұйымдастырылып, Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі құрылады.
Жаңа агенттік Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру есебінен құрылады. Жаңа органға Ұлттық банктен өкілеттік беріледі. Біз функцияларын, өкілеттігі мен штатын заң жобасында қарастырдық. Агенттікке қазіргі штаттан 500 адам беріледі. Қаржы министрлігімен бірге бұл жұмысты мамырдан маусымның ортасына дейін аяқтағалы отырмыз, — деді Ерболат Досаев.
Қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері туралы заң жобасы бойынша жаңа орган 2020 жылдың басында жұмысын бастайды. Ерболат Досаевтың айтуынша, жаңа агенттік Алматыда болады. Ұлттық банк келешекте Нұр-Сұлтанға көшеді.
Еске салайық, ҚР Ұлттық банкі қаржы секторын реттеу жөніндегі тәуелсіз орган құру туралы заң жобасын әзірлеген еді. Заң жобасы екі бағытты көздейді. Бірінші бағыт — қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Заң жобасының екінші бағыты — тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою.
Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін болдырмау мақсатында барлық кредиттеу субъектісіне қатысты тиісті реттеу және қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі, — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.