Қаржы нарығын реттейтін жаңа мемлекеттік орган құрылуы мүмкін

Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржы қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Оны 14 мамырда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Парламент Мәжілісінде таныстырды.

Олег Смоляковтың айтуынша, заң жобасы екі бағытты көздейді.

Бірінші бағыт — қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуіне жәрдемдесу үшін Ұлттық банк ақша-кредит саясатының тиімділігіне және инфляцияны бақылау шараларын іске асыруға шоғырландыруға ниетті, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, заң жобасы бойынша қаржы нарығын реттеу мен дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау функцияларын Қазақстан Президентіне тікелей бағынышты жаңа мемлекеттік орган — Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне беру көзделіп отыр.

Ұлттық банк пен агенттіктің қызметі тиянақты түрде, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету арқылы үйлестіріледі. Агенттік республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Еңбекақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді, ал қызметшілердің мәртебесі Ұлттық банк қызметшілерінің мәртебесіндей болады, — деді Олег Смоляков.

Қаржы нарығын реттеу мен қадағалау функциялары агенттікке бекітілгенімен төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пункттеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу мен қадағалау функциялары Ұлттық банкте қала береді. Ұлттық банк пен агенттік үшін бірдей қолжетімді статистикалық және реттеушілік ақпараттың бірыңғай базасы құрылады.

Олег Смоляковтың айтуынша, заң жобасының екінші бағыты — тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою.

Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін болдырмау мақсатында барлық кредиттеу субъектісіне қатысты тиісті реттеу және қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі, — деді ол.

Ұлттық банктің мәліметінше, тұтынушылық қарыз бүгінде шамамен 5 миллион адамда бар. Олардың жалпы берешегі 4 триллион теңгеден асады. Әрбір қарыз алушының берешегі орташа алғанда — 800 мың теңге.