2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 68,7 мың тонна йодталған тұз өндірілді. Бұл былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 21,7%-ға көп. Өндіріс көлемінің 97,4%-ы — 66,9 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі.
Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, тұз өндірісі оңтүстіктің басқа өңірлерінде де дами бастады. Жамбыл облысында 2019 жылдың үш айында 1,4 мың тонна йодталған тұз өндірілген, былтырғы қаңтар-наурыз айларында өңірде мұндай өндіріс болмаған еді. Түркістан облысында биыл тұз өндірісінің көлемі 0,4 мың тонна болды.
Қазақстан тұз импортына мұқтаж емес: биыл шетелден 3 мың тонна ғана тұз келген (6,4%). Есесіне, еліміз экспортты бір жылда 33,4%-ға арттырды: 2019 жылдың алғашқы үш айында сыртқы нарыққа Қазақстан тұзының 35,9 мың тоннасы шықты.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстан нарығында тұзға сұраныс азайған, өнімді сату көлемі бір жылда 24,5%-ға төмендепті.
Қазақстандағы ең ірі тұз өндірушілердің бірі — «Аралтұз» АҚ. Кәсіпорынның 65% өнімі экспортталады. Биыл «Аралтұз» тұзы Қытай нарығына жіберіліп жатыр. 2018 жылы компания тұңғыш рет Украина нарығына шығып, елге 462 тонна тұз жеткізді. Биыл Украинаға тұз бұдан үш есе көп жөнелтіледі.
Өндіріс көлемі мен тұтынушылар сұранысының толық қанағаттандырылуы тұз бағасының бір қалыпта тұруына себеп болып отыр. 2019 жылдың сәуірінде тұздың бір келісінің орташа бағасы 52,3 теңге болды, бұл бағаның былтырғы деңгейінен 2,1%-ға ғана жоғары.
Тұз еліміз бойынша Алматыда қымбат — келісі 59 теңге, Нұр-Сұлтанда келісі 57 теңге тұрады. Тұз бағасы жоғары өңірлердің үштігіне Қостанай да кіреді: 56 теңге, өңірде баға былтырғыдан 7,7%-ға өскен. Ең төменгі баға Ақтөбе мен Оралда: 1 келісі 40 теңге тұрады.