Алғашқы күні жартылай финал 17 елдің арасынан және 16 мамырда тағы 18 елдің арасынан 10 үздіктен анықтап, финалға жібереді, іріктелгендер екі күннен соң қорытынды сайыста байқаудың биылғы қожайыны — Израиль және үлкен бестік: Германия, Испания, Италия, Франция, Ұлыбритания өкілдерімен бірге бақ сынайды. 

Жылдың үздік әнін Израильдегі шоудың барысы, қазылар мен көрерменнің қосылған дауысы анықтайды. Бірақ фанаттар мен букмекерлер 2018 жылдың күзінен биылғы көктемге дейін байқауға ән ұсынған өнерпаздардың шығармашылығымен танысып, бағасын беріп қойды. Eurovision фанаттарының бірі Егор Гулянц жуырда байқаудың preparty-інде болып, сайыскерлердің бірқатарының дайындығын көрді. Шолушы байқауға қатысатын 41 әнге қатысты көзқарасын білдірді. Пікірін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз. 

1) Австралия

Биыл Eurovision үшін бірегей ел Австралияның атынан Кейт Миллер-Хейдке атты қыз Zero Gravity әнімен өнер көрсетеді. Австралия биыл тұңғыш рет ашық ұлттық іріктеу сынын өткізді, алты сайыскердің арасынан Кейт жеңіп шықты, ол нөмірінде ұзын да ерекше көйлек киген Қар ханшайымы образында болады, оның желке тұсында артист акробатика трюктарын орындайды. Қыз өзінің махаббат кеңістігіндегі салмақсыздығы мен ештеңеге байланбаған еркіндігі туралы ән шырқайды.

Меніңше, түсініксіз циркі бар әлсіз опера. Айтар ойын ұқпадым, басқа алып-қосарым жоқ.

2) Австрия

Былтыр салтанатты үшінші орын алған Австрияның атынан биыл Pænda атты әнші қатысады, нағыз есімі — Габриэла Горн. Әдеттегідей Австрия артисті ішкі жабық іріктеу бойынша таңдады. 30 жастағы музыкант көбіне электро-поп жанрында ән салады. Байқауға қатысатын әні — Limits, ол бақытқа жету үшін шеңберден шығуға ұмтылу туралы.

Мелизмдері әдемі өте сүйкімді, баяу ән, қыздың вокалында да кінәрат жоқ. Бірақ бұл ән жекелеген әуесқойларға арналған деп ойлаймын. Сонда да оған финалға өтуге тілекшімін.

3) Албания

Албания — биыл конкурсқа арналған әнін ұсынған ең алғашқы ел. Елдің жыл сайын өтетін Festivali i Këngës іріктеу фестивалінде жылдың басты ән байқауына Йонида Маличи албан тіліндегі Ktheju tokës композициясымен жолдама алды. Оның әні проблемалардан қашып тұйықталып қалмай, сеніммен өмір сүру туралы. 35 жастағы әнші The Voice of Albania байқауының бесінші маусымының бапкері болған.

Тәжірибелі орындаушының вокалы мықты, әнінің ойы да керемет, аранжировкасын қазіргі заманға сай етіп жасауға болар еді, бірақ оны динамикасы құтқарып тұр. Табыс тілеймін.

4) Армения

Армения байқауға кім қатысатынын 2018 жылдың 30 қарашасында анықтағанымен ол орындайтын әнді соңғылардың бірі болып 10 наурызда жария етті. Србук псевдонимімен танымал Србуи Саргсян Walking out әнін орындайды. Әнші қыздың композициясы сүйгенді қадірлемейтін қарым-қатынасты ойланбастан үзуге үндейді. Србук — Украинадағы «Голос країни» шоуының 8-маусымының және «Х-фактор. Армения» жобасының финалисі. Оның байқауға қатысатын әні тамаша, ырғақты, музыкасымен, сөзімен әр жүрекке ой салады.

Үздік ондыққа сөзсіз енеді деп сенемін.

5) Әзірбайжан

Шыңғыс Мұстафаев есімді отты жігіт Truth әнімен Әзірбайжанның намысын қорғайды. Оның әні өтіріктің кеңістікті көлегейлейтіні, ал шындықтың қараңғыны сейілтетіні туралы. Әзірбайжан телеарнасы әншіні ішкі жабық іріктеу жолымен таңдады. Шыңғыстың байқау-фестивальдерге қатысу тәжірибесі мол. Ол Украинада өткен «Голос країни» телешоуына және Ресейдегі «Новая волна» фестиваліне қатысқан. Оған Eurovision-ге арнап болгар хитмейкері Борислав Миланов ән жазып берді, кезінде бұл композитор Поли Генова (Болгария, 2011 және 2016 жылдары) үшін, Кристиан Костов (Болгария, 2017 жыл) үшін, Тияна Богичевич (Сербия, 2017 жыл), Яна Бурческа (Солтүстік Македония, 2017) үшін ән жазған. Шыңғыс — тамаша әнші. Truth — супер, керемет, динамикалы, қазіргі заманғы ән. Шыңғыстың Борислав Милановпен жұмыс істеуі оң шешім болған.

Әннің тизерін көргеннен-ақ оның тамаша екенін түсіндім. Вокал бойынша мін таға алмайсың, мелизмдер құлақ құрышын қандырады.

6) Беларусь

Беларусь биыл ұлттық іріктеуде әншіні тек қазылар алқасының шешімімен таңдады. Елдің атынан 2017 жылы «Жұлдыздар фабрикасы» жобасынан үшінші орын алған, 2018 жылғы Junior Eurovision-ды жүргізген Зена сахналық есімімен белгілі әнші Зинаида Куприянович қатысады. Оның Like it әні көтеріңкі көңіл-күй жайында.

Бірсарынды, арзанқол ән. Дегенмен орындалуы жақсы. Егер сахнада сапалы перформанс көрсете алса, финалға өтеді.

7) Бельгия

Бельгия биыл ішкі жабық іріктеу өткізіп, байқауға The Voice Belgique жобасының 7-маусымына қатысушы Элиот Вассамийені жіберді. Оның Wake Up әні өтірікті түсінгеннен кейін ұйқыдан оянғандай шындыққа ұмтылу туралы.

Басында ән маған ұнаған еді, бірақ бірнеше рет тыңдағаннан кейін тактыларының басынан соңына қарай емес, керісінше орналасқанын түсіндім, әуеннің соңына қарай бәсеңдей беруі тыңдарманға ұнай бермейді.

8) Германия

Биыл немістің Unser Lied Für Israel ұлттық іріктеуінде S!sters дуэты Sister әнімен жеңіп шықты. 19 жастағы Карлотта Труман мен 26 жастағы Лаурита Кэстел туыс адамдар арасындағы қатынасты ұсақ-түйекке бола бұзбау жөнінде.

Пікірім: Sister конкурсқа ұсынылған басқа әндердің фонында әлсіз болып тұр.

9) Грекия

Грекия биыл байқауға қатысатын артисін ішкі жабық іріктеу негізінде анықтады, ол — Канадада туған, инди және поп жанрында ән салатын Катерин Дуска, орындайтын әні Better Love 2019 жылдың 6 наурызында ресми таныстырылды. Ән адамдардың басында болып жатқан әртүрлі құбылысқа қарамастан махаббаттың күштірек екені туралы.

Тартымды, сүйкімді ән, терең, жақсы қойылған дауыс, дауыс тембрі күрделі.

10) Грузия

Грузия биыл Pop Idol форматында ұлттық іріктеу өткізіп, байқауға патриотизмге толы Sul tsin iare атты рок-баллада орындайтын Ото Немсадзені жіберетін болды. Ото Немсадзе Грузиядағы «Сакартвелос варсквлави», «Джеостари», Georgian Pop Idol шоуларының жеңімпазы, Украинадағы «Голос країни» жобасының 3-маусымының финалисі. Оның әні адамдардың ешқашан жазықсыз қорланбауы керек екені туралы.

Қуатты ән. Әншінің дауыс диапазоны адам айтқысыз. Бірақ әннің Eurovision-нің кең аудиториясының жүрегіне жете бермейтінін тамаша түсінемін.

11) Дания

Дания жыл сайын Dansk Melodi Grand Prix ашық ұлттық іріктеуін өткізеді, биыл онда 20 жастағы Леонора Колмор Йепсен есімді әнші қыз жеңіп шықты. Леонора — мәнерлеп сырғанаушы, ол 2016 жылы спорттың осы түрінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан. Оның неміс, француз, ағылшын, дат тілдерінде қатар айтылатын Love is Forever әні махаббаттың бізге әралуан шытырман сыйлайтыны туралы.

Тамаша ән, қарапайым болғанымен бәсекелестерімен тартысқа түсе алады. Меніңше, әннің артықшылығы — көптілділігі. Әнші жанды дауыспен тамаша орындайды. Сәттілік тілеймін!

12) Израиль

Израильдің байқауға қатысатын әншісі 2019 жылдың 12 ақпанында HaKokhav HaBa L’Eurovizion шоуының нәтижесінде анықталды. Өз елінде өтетін Eurovision-де 27 жастағы әнші, актер Коби Марими өнер көрсетеді. Оның Home аталатын ән орындайтыны 10 наурызда белгілі болды. Әннің ойы — адамдар қадірі бағаланатын ортада өмір сүруі керек.

Әншінің орындау мәнері ерекше, терең, бірақ дауысына күш салып айтатын сияқты, вокалы мықты бола тұра қиналыс сезіледі. Оған табыс тілеймін, ол Eurovision қожайыны атағына лайық.

13) Ирландия

2019 жылдың 8 наурызында Ирландия Тель-Авивке баратын әншіні ішкі іріктеу негізінде анықтады. Байқауға 25 жастағы Сара МакТернан «22» әнімен барады. Сара — The Voice of Ireland жобасының 4-маусымының финалисі. Оның әні нөмірі 22-үйде тұрған сүйіктісіне деген жеке ностальгиясы жайында.

Вокалы әдемі көрікті қыз, әні де әдемі, бірақ байқауда ол екінші жартылай финалда өнер көрсетеді, бұл сында фаворит көп, олардың арасынан финалға өту қиын болады.

14) Исландия

Исландияның атынан байқауда Hatari аталатын экстравагант ұжым Hatrið Mun Sigra («Жеккөрініш салтанат құрады») атышулы әнімен өнер көрсетеді. Топтағы Клеменс Никулассон әннің фальцет партиясын, Маттиас Трыггви Гаралдссон ауыр вокалды орындайды, топтың тағы бір мүшесі Эйнар Графн Стефанссон өткір тікенді бетперде киеді. Ұжымның әні — капитализмнің әлемдегі агрессиялы басқыншылығына наразылық. Музыканттар жеккөрініш шектен шығып бара жатқанын жырлайды.

Биылғы Eurovisionдегі фавориттерімнің бірі, олар қызық. Ән негатив туралы болғанымен оның астарын Еуропа халқы ұғып отыр, букмекерлер бұл әнді үздік ондыққа енгізді. Вокал жағынан мінсіз деу қиын, бірақ финалға өтеді деп ойлаймын.

15) Испания

2019 жылдың 20 қаңтарында Испания Operación Triunfo-2018 ашық ұлттық телеіріктеуінің нәтижесінде 23 жастағы Мигель Нуньез Позоның La Venda әніне жолдама берді. Музыканттың әні күндердің күнінде адамға көздегі шүберекті шешіп, стереотиптерсіз өмір сүруг тура келетіні жайында.

Жарқын, энергетикасы мықты композиция, әншінің харизмасы да керемет. Испанияның мұндай билететін әнді байқауға қатыстырмағанына көп болды. Меніңше, ән үздік ондыққа енеді.

16) Италия

Италияда 69-рет өткен «Сан-Ремо» фестивалінде 26 жастағы Алессандро Мамуд жеңіске жетіп, Eurovision-ге жолдама алды. Мамудтың Soldi әні отбасын ақшаға айырбастаған әке туралы. Әнші балалық шағына кірбің түсірген әкесі туралы жеке хикаясын баяндайды.

Жеке өзіме онша ұнамаса да, бұл ән көпшілікті бейжай қалдырмай отыр. Жеңіске лайық!

17) Кипр

2018 жылдың желтоқсанындағы ішкі іріктеу негізінде Кипр байқауға Грекияда тұратын грузин әншісі Тамта Годуадзені жіберіп отыр. 38 жастағы Тамтаның шоу-бизнестегі тәжірибесі мол, жетістігі көп, музыкалық жобаларға қазы болып жүр. Оның Eurovision-де орындайтын Replay әнін былтырғы байқауда Кипр өкілі Элени Фурейра айтқан Fuego әнінің авторы Алекс Папаконстантину жазды. Композиция тыңдарманға үнемі әлдекімнің сүйіктісі ретінде сезіну өз қолыңда дегенді ұғындыруды көздейді.

Қазіргі заманға сай тамаша ән, бірақ авторға аранжировка аккомпанементін былтырғы әннен өзгеше ету керек еді. Дегенмен Тамта — мықты әнші, байқауда лайық өнер көрсетеді деп сенемін.

18) Латвия

Биыл Латвияның атынан байқауда Carousel дуэты That Night әнімен өнер көрсетеді, вокалистка Сабине Жуга мен гитарист Марсис Василевскис жұбы елдің Supernova ұлттық іріктеуінде жеңіске жетті. Олардың әні сүйіспеншіліктің арқасында сол түні болған шытырман оқиға жайында.

Меланхолия тұнған баяу ән, тактылары ретсіз, маған бұл ән түк ұнамады.

19) Литва

Ұлттық іріктеудегі жеңіс 28 жастағы Юриюс Векленкоға Eurovision-ге Run with the lions әнімен қатысуға мүмкіндік берді. Юриюс бұған дейін де бұл байқауға қатысып көрген, ол 2013 жылы Андриюс Появистің, 2015 жылы Моника мен Вайдас дуэтының бэк-вокалында болды. Оның әні бір орында тұрмай, жетіліп, арыстандай алға қарай шаба беру туралы.

Литваның бұл жұмысы тамаша, керемет ән, сәл ғана динмика мен экспрессия жетіспей тұрғаны болмаса, артистің дауысы қуатты. Биік ноталарды таза айтады, Юриюстің финалға өткенін қалаймын.

20) Мажарстан

Биыл A Dal ұлттық іріктеуінде 2017 жылы Eurovision-де 8-орын алған Йоци Папаиге тағы да байқауға жолдама алу бұйырды. Оның биылғы композициясы Az én apám баланың әкесімен бірге өткізген тамаша уақыты туралы естелігі хақында.

Керемет әнші. Екі жыл бұрынғыдай биыл да менің фавориттерімнің бірі. Жалпы, Папаидің репертуары тамаша. Әні жанды қозғайды, үнемі жүрекке жеткізіп орындайды, оны байқамау мүмкін емес!

21) Мальта

Мальта тұңғыш рет Eurovision байқауына баратын әншіні X Factor Malta жобасы бойынша іріктеді. Жобада 18 жастағы Микела Паче жеңімпаз атанды. Байқауға Chameleon әнімен қатысатыны кейін 10 наурызда хабарланды. Ән махаббат жолында түсөзгерткіш кесіртке сияқты бәріне дайын кейіпкер жайлы.

Бұл да — болгар композиторы Борислав Миланов жазған қазіргі заманғы тамаша ән. Ол менің көңіл-күйімді көтереді, камертон сияқты позитивке бейімдейді, музыканың өзінде шумақтан қайырмаға және кері қарай бастайтын әдемі өткелдер бар. Мальта — финал!

22) Молдова

O Melodie pentru Europa ұлттық іріктеуінде 27 жастағы Анна Одобеску Stay әнімен жеңіп шықты. Анна 2016 жылы «Славян базары» байқауына қатысқан. Оның байқауға ұсынған әні махаббат пен өмірдің өзі сан алуан кедергіден тұратыны және сүйгендердің ештеңеге қарамастан бірге болуы керек екені туралы.

Ән де, әншінің дауысы да тамаша болғанымен бұл байқау үшін музыкалық талғам да қажет. Әншінің керемет дауысына бұдан да құдіретті ән жазуға болар еді.

23) Нидерланды

Нидерланды хабар таратушысының ішкі іріктеуі бойынша 2019 жылдың 21 қаңтарында Eurovision-ге The Voice of Holland тележобасының жеңімпазы Дункан Лоуренс есімімен танымал Дункан де Мурды жіберу жөнінде шешім қабылданды. 7 наурызда YouТube-те оның Arcade әні таныстырылды. Дункан Тилбургтегі Рок академиясын бітірген, The Voice of Holland жобасының бесінші маусымында ол 2014 жылы Eurovisionө-де 2-орын алған Ильзе-де-Лангенің командасында болды. Дунканның әні махаббаттың аркада сияқты қатігез ойын екені жөніндегі мұңды баллада, бірақ композиция кейіпкерлердің жанын жаралайтын аркаданың соңында қалайда тығырықтан шығар жол табылатынын айтады.

Тамаша ән. Биылғы фавориттерімнің бірі. Сезімді қозғайтын қазіргі заманғы ән, әншінің мұңына қосыласың, бірақ Дункан — оптимист, жақсыға сенеді. Вокал жағынан сенімді бола түсу керек. Дунканға табыс тілеймін!

24) Норвегия

Норвегияның Melodi Grand Prix-2019 ұлттық іріктеуінде KeiiNO супертобының жолы болды. Трио Spirit in Тhe Sky әнін айтады, топ мүшесі Фред-Рене Бульйо өз вокал партиясында саам халқының ән айту дәстүрі — йойкты қолданады. Ән үміт періштесі туралы, ол періште адамзат қанша тауқымет көрсе де, оны түптің түбінде көкке алып шығып, бақытты етеді.

Норвег әнін бірден түсіне қоймасам да, кейін ұнай бастады. Артықшылығы — йойк, кемшілігі — әуенге бірнәрсе жетіспей тұрған сияқты немесе бұрын айтылып жүрген әндерден айырмасы аздай. 10 балл шкаласының жетеуіне лайық.

25) Польша

Польша хабар таратушысы Eurovision-2019 байқауына баратын әнді ішкі іріктеу негізінде анықтады. Tulia фольклор тобы поляк және ағылшын тілдерінде орындайтын Pali się («Махаббат алауы») әнімен қатысатын болды. Бұл ұжым кезінде Depeche Mode тобының Enjoy the Silence әніне кавер жасап танымал болған. YouTube-те кавер-видео 4 миллион рет қаралған. Tulia  квартеті махаббаттың адам бойында өздігінен сөнбейтін алапат өрт туғызатыны туралы.

Өзіндік ерекшелігі бар тамаша, тартымды ән. Сахнада динамика көрсетсе, тіпті тамаша болар еді.

26) Португалия

Екі жыл бұрынғы жеңістен кейін биыл Португалияның атынан байқауда Конан Осирис есімімен танымал 30 жастағы әнші Тиаго Миранда өнер көрсетеді. Ол Festival da Canção 2019 португал ұлттық іріктеуінде Telemóveis әнімен жеңіске жетті. Әннің ойынша, ұялы телефон адамға тек кесапатын тигізетін хабарды жеткізеді.

Топас, мағынасыз ән, түсініксіз сөздер, бұл байқауға мұндай жанрдағы вокалдың қажеті жоқ. Ән емес, бірыңғай түсініксіз, жағымсыз дыбыстардың жиынтығы.

27) Ресей

Биыл «Россия-1» телеарнасы ішкі жабық шешімімен Eurovision-ге Сергей Лазаревті екінші рет жіберуді ұйғарды. Бұл артисті таныстырудың керегі жоқ, Еуропаға танымал әнші, ол 2016 жылғы Eurovision-де You аre the Only One әнімен үшінші орын алған еді. Сергей бұл жолы да Филипп Киркоровпен және гректің Dream Team командасымен жұмыс істейді. Ол орындайтын Scream әні өшпенділік пен басқа да негативке қарамастан рухты биік ұстау туралы.

Қазіргі заманға сай керемет баллада. Тек сәл ырғақ жетіспейтін сияқты, кей жерінде резеңке тәрізді созылып кетеді. Дегенмен бұл әнді де фавориттердің бірі деп есептеймін. Сергей Лазарев оны тамаша орындап шығады деп сенемін.

28) Румыния

Румынияның ұлттық іріктеуінде биыл Эстер Пеони есімді әнші жеңіске жетті. Ол байқауда On a Sunday деген әнді орындамақ. Эстердің әні – сүйікті адамның сатқындығы мен енжарлығы туралы хикая.

Таптаурын, тартымсыз ән, түбегейлі түзеу керек, әншіге де дауысымен жұмыс істеу қажет, жанды дауыспен онша жақсы айтпайды.

29) Сан-Марино

Cан-Маринодан Eurovision-ге осымен екінші рет ұлты түрік Серхат есімді әнші қатысады. Елдің хабар таратушысы оны ішкі жабық іріктеу негізінде таңдады. Серхат байқауға 2016 жылы I Didn’t Know әнімен қатысып, финалға өте алмаған еді. Биыл ол Say Na Na Na әнін әкеліп отыр. Композиция өмірде әсте жасымауға, керісінше, көңіл көтеруге үндейді.

Бұл жолы Серхаттың әні маған ұнап тұр, орамды естіледі. Финалға өтеді деп сенемін, бастысы — Тель-Авивте төменгі дауысы жақсы шықсын. Табыс тілеймін!

30) Сербия

Сербияның «Беовизиjа-2019» ұлттық іріктеуінде 24 жастағы Невена Божович «Круна» атты әнмен жеңіп шықты. Невена 2013 жылы Eurovision-ге Моje 3 триосы құрамында қатысты. Бірақ финалға өтпеді. Ал 2007 жылы ол «Пиши ми» атты әнмен Junior Eurovision-нің үшінші орнын иеленді. «Круна» әні махаббат жолындағы жанқиярлық туралы, ән кейіпкері сүйгені үшін басындағы тәжін беруге дайын.

Серб халық әнінің ноталары анық естілетін әдемі ән. Бірақ әнде анау айтқандай драма жоқ болғандықтан әуен де позитивтеу шығуы керек еді, әлі де кеш емес, әнге мажор қосу керек. Сербияның сенімді тыңдарманы бар деп ойлаймын, сондықтан сәттілік тілеймін.

31) Словения

Словенияның EMA-2019 аталатын ұлттық іріктеуінде инди-поп дуэт — Зала Краль мен Гашпер Шантл Eurovision-ге жолдама алды. Дуэт былтыр ғана құрылған. Оның Sebi әні адамның өз-өзіне сене білуі қажет екені туралы.

Менің осы байқаудағы ең сүйікті әнім. Ол биыл жеңіске таласа алады деп нық сеніммен мәлімдеймін. Әннің алып бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ ол техника, қисын мен вокал жағынан дұрыс құралған. Мәнерімен өз ерекшелігін, дұрыстығын артық эмоциясыз, айқайсыз білдіріп тұр. Стилі ерекше, Eurovision үшін оригинал ән.

32) Солтүстік Македония

Македония телерадиокомпаниясы ішкі іріктеу бойынша Eurovision-ге елдің атынан қатысуға Тамара Тодевсканы жіберді. Бұл әнші байқауға бұған дейін де қатысып көрген: 2004 жылы Тоша Проесканың, 2014 жылы әпкесі Тияна Дапчевичтің бэк-вокалисі болды, 2008 жылы рэп-әнші Врчакпен және поп-орындаушы Адрианмен бірге өнер көрсетті, бірақ финалға өте алмады. Бұл жолы ол Proud атты әнмен жеке бақ сынайды. Ән әйелдер құқығын қорғау тақырыбына арналған.

Тамара Тодевсканың әнінде «Әйел қалай өмір сүргені емес, оның құқығын ешкімнің бұзбағаны маңызды» делінеді. Тамаша ән, тамаша вокал. Бұл әнде маған мелизмдер мен әншінің бір тактыдан екіншіге өтуі ұнайды. Мен үшін фавориттердің бірі. Солтүстік Македония осы тамаша да мықты әнмен финалға өтсе екен деп тілеймін.

33) Ұлыбритания

Ұлыбританияның Eurovision: You Decide ашық ұлттық іріктеу сынында 21 жастағы Майкл Райс жеңімпаз атанды. Оның Bigger Than Us әні махаббаттың адамның түсінігінен де жоғары екені, бірақ адамзаттың одан қашып құтыла алмайтыны туралы.

Вокал жағынан жақсы құрастырылған керемет ән, әншінің харизмасы бар. Ұлыбритания биыл жоғары нәтиеге қол жеткізеді деп ойлаймын.

34) Финляндия

Финляндияның Еуропа хабар тарату одағына мүше телеарнасы ішкі іріктеу негізінде байқауға 43-тегі белгілі ди-джей Даруд пен The Giant Leap тобының 41-дегі солисі Себастьян Рейманды жіберіп отыр. Ди-джей Дарудтың нағыз есімі — Вилле Виртанен, музыкант 2000 жылдары танымал болды. Дуэттың байқауда орындайтын Look Away әні ашық теледауыс беру нәтижесінде анықталды. Бұл ән проблемадан жалтармауға және оған бейжай қарамауға үндейді.

Әрі стильді, әрі жалықтыратын ән. Бір қарағанда билететін трек сияқты, бірақ билегің келмейді. Себастьян Рейманның вокалы әлсіз.

35) Франция

Франция биыл Destination Eurovision ұлттық іріктеу сайысын өткізіп, Израильде өтетін негізгі байқауға 19 жастағы видеоблогер Билал Ассаниді жіберуді ұйғарды. Билал The Voice Kids тележобасына қатысқан. Оның биылғы байқауда француз және ағылшын тілдерінде орындайтын Roi әнін Eurovision-ге былтыр Францияның атынан қатысқан Madame Monsieur дуэты жазған. Армандаған адам — король, өйткені адамның қиялы ішінде алып патшалық тұрғызады, әр адам ішкі патшалығына сенсе, сыртқы шынайы өмірді бағындыра алады. Билал Ассанидің әнінің мазмұны осындай.

Билалдың вокалы мықты емес, дауысы өзінің тамаша әніндегі күрделі жоғары ноталарға жетпей тұр.

36) Хорватия

Хорватияның Dora ұлттық іріктеуінде де 19 жастағы Роко Блажевич жеңіске жетті. Роко – көптеген шоу-байқауға қатысушы, 2017 жылғы Eurovision-ге қатысқан хорват әншісі Жак Худекпен жұмыс істейді. Израильде хорват және ағылшын тілдерінде орындайтын The Dream әнін де Жак Худек жазып берген. Композиция үлкен арман мен ұлы махаббат жайында.

Заман талабына сай емес ән. Мұндайды сайыскердің вокалын көрсету үшін ел ішіндегі байқауларда ғана орындауға болады. Eurovision — әндегі,  вокал мен нөмірдегі оригинал дизайн мен басқа да қасиеттердің жиынтығы. Роконың дауысы мықты болғанымен әні тым примитив, орындаушының характерін ашпайды. Ән тек хорват тілінде орындалса, оның дыбысталуы сәл-пәл жақсарар ма еді. Ағылшынша мәтін тартымсыз әнді одан сайын құртып тұр.

37) Черногория

Черногорияның Montevizija ұлттық іріктеуінде жаңадан құрылған D Mol тобы бес сайыскердің арасынан үздік деп танылды да, Eurovision-ге жолдама алды. Олардың конкурсқа әкелген әні Heaven махаббат пен сенімді ұлықтау жайында.

Қап-қарапайым ән, ертеңгіліктерде балалар айтатын көп әннің бірі сияқты. Бәлкім, Eurovision-ге вокал мен мазмұн жағынан жеңіл ән де қажет шығар. Черногорияға сәттілік тілеймін!

38) Чехия

Чехия былтырғыдай Eurovision-ге баратын әншіні онлайн дауыс беру нәтижесінде анықтады. Дауыс беруге күллі Еуропа қатысты. Сөйтіп Израильдегі байқауда 6 жыл бұрын құрылған Lake Malawi атты инди-поп топ Чехияның намысын қорғайды. Топтың Friend of a Friend әні жігітін оның таныс құрбысынан қызғанатын қыз туралы.

Ән жақсы басталады, кейін музыкалық талғамсыздық демонстрацияланады. Жағымсыз фальцетпен айтылатын репризалар құлақ тұндырады. Инди-поп топтың осындай арзан поп орындағаны қызық екен. Маған ән ұнамады!

39) Швейцария

2019 жылдың 7 наурызында Швейцарияның байқауға жауапты телеарнасы Eurovision-ге Лука Хенниді жіберетінін хабарлады. Ол — Германияда өткен Deutschland sucht den Superstar тележобасының 9-маусымының (2012 жыл) жеңімпазы. Лука байқауда She Got Me деген әнді орындайды, ән сұлу дамамен көңілді кеш өткізген жігіт туралы.

Динамикадан тұратын жалынды ән. Сүйген адамдардың бір-біріне деген еркін ынтызарлығын бейнелейді. Әншінің осы әнді орындағанын бір концертте тірілей тыңдағанмын, вокалында сәл кінәрат болды. Бірақ Тель-Авивте сәтті өнер көрсетіп, финалда лайық орын алады деп үміттенемін.

40) Швеция

Швециядағы ұлттық іріктеу — Melodifestivalen 2019 жылдың 9 наурызында өтіп, Eurovision-ге 36 жастағы Джон Лундвиктің қатысатынын анықтап берді. Джон Лундвик Швеция ханшайымының үйлену тойында ән салған, Швецияның 2016 жылғы Жазғы Олимпиадаға арнаған әнін жазып, орындаған. Eurovision-нің ұлттық іріктеуіне былтыр қатысып, жеңімпаз атана алмаған. Ол биыл байқауға Ұлыбританияның атынан қатысатын Майкл Райс үшін Bigger than Us әнін жазған. Ал өзі Тель-Авив Eurovision-інде Too Late for Love деген әнді айтады. Авторлық композиция «Қарым-қатынастың күрделі болатынын ескере отырып, кеш келген махаббаттан бас тарту қажет емес пе?» деген ой тастайды.

Шведше сапалы жасалған тренд ән, бірақ ойы тым абстракт, нақ деталь жетіспейді. Джон Лундвик сияқты әншілер Eurovision-ге швед «попсасын» емес, оригинал дүние әкелсе, жақсы болар еді.

41) Эстония

Эстонияның Eesti Laul ұлттық іріктеуінде шведтің 27 жастағы әншісі Виктор Фриц-Крон жеңіске жетті. Ол төрт жыл бұрын байқауға Швецияның атынан қатыспақ болған, бірақ іріктеудің финалына шыға алмады. Енді биыл Storm  әнімен Эстонияның намысын қорғайды. Бұл әнді 2015 жылғы Eurovision-ге қатысқан эстон әншісі Рауль-Стиг Ряста жазған. Виктордың әніне қарағанда өмірдің қиындықтары теңіз дауылы сияқты және оны табанды рух пен үміт қана жеңіп шыға алады.

Примитив ән, Виктордың вокалы да мәз емес. Ән автордың болмыс-мінезін танытпайды, әншінің мәнерінен де оның өмір жайлы ойды жан-тәнімен айтып тұрғаны білінбейді.

Егор Гулянц
Егор Гулянц. Фото жеке архивінен

«Қадірлі оқырман, барлық ақпарат интернетте, мен соны бір жерге жинадым. Жеке пікірімді мейлінше объектив айтуға тырыстым. Іріктеу кезеңіндегі күтпеген жағдайға байланысты биыл Украина қатыспайтын болды. Әйтпесе, MARUV (Анна Корсун) мен үшін топ-10-да еді, өйткені әлемде оның жанрындай немесе стилистикасындай орындау аз. Ол — бірегей де жаужүрек әнші, Тель-Авив сахнасының көрігін қыздырар еді», — дейді Егор Гулянц.

Айта кетейік, Қазақстан әзірше ересектер арасындағы Eurovision байқауына қатыспайды. Былтыр еліміздің Junior Eurovision-дегі дебюті болды, Данэлия Төлешова үздік алтылыққа енді. Биыл 30 қарашада Қазақстан Австралияда өтетін Eurovision Asia байқауына қатысады. Еуропа хабар тарату одағының бұл конкурсы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.