Димаш Құдайберген «Новая волна» байқауында қошеметке бөленді

Димаш Құдайберген Сочидегі «Новая волна» жас әншілердің халықаралық байқауында ән шырқады. Димаш байқаудың алғашқы күні A’Studio тобының шығармашылық кешінде өнер көрсетті. Оған Ресей эстрадасының жұлдыздары, қазақстандық әншілер — The Jigits тобы мен рэппер Jah Khalib те қатысты. Димаш A’Studio-ның «Грешная страсть» композициясын орындап, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Әннің соңында зал ду қол шапалақ соғып, гүл сыйлау үшін сахнаға ұмтылды. Димаш алғыс білдіріп, оларды Қазақстанға шақырды.

Димаш Құдайберген 2018 жылғы «Новая волна» байқауының жабылу концертінде тағы ән шырқайды.

«Новая волна» байқауының қонағы болып, Ресейге табан тіредік. Байқау басталды. Енді байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетемін. Барша көрермендерге үлкен рахмет. Сочиге келгелі әуежайда тамаша концерт қойып, дәм-тұзбен күтіп алған көрермендерімнен айналдым. Құрметтеріңізге үлкен алғыс, — деп жазды әнші Instagram-парақшасында.

«Новая волна» байқауы 2002 жылдан бері өткізіледі. Оның негізін қалаушылар — композиторлар Игорь Крутой мен Раймонд Паулс. Танымал әнші Алла Пугачева — байқау қатысушыларының музасы, ол 2005 жылдан 2014 жылға дейін байқауда өзінің «Золотая звезда Аллы» сыйлығын тағайындап келеді. Оның сыйлығын қатарынан екі рет алған жалғыз қатысушы — Қазақстанның Rin’Go тобы (2007 және 2011 жылдары). «Новая волна-2018» байқауына Қазақстанның атынан астаналық Мәдияр Жүнісов (Mad June) қатысып жатыр. Байқау 9 қыркүйекте қорытындыланады.

ДереккөзInform.kz