Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады.
Қымбатты отандастар! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршамыз үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Халқымыз Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді. Тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында Қазақстан майдан даласына орасан зор көмек көрсетті. Соғыс жылдары елімізге жүздеген зауыт пен фабрика көшірілді. Майданға мыңдаған вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау — біздің қастерлі борышымыз. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — делінген Президенттің құттықтауында.
Қазақстан Президенті 9 мамыр күні Нұр-Сұлтандағы «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Құрметті қарауыл ротасы салтанатты сап түзеп жүріп өткеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев рәсімге қатысқан соғыс және тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады.
9 мамыр — Жеңіс күні. Жеңістің 74-мерекесіне Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1425 қарт аман-есен жетіп отыр. Елімізде олармен бірге Ұлы Отан соғысына қатысушыға теңестірілген 22 мыңнан астам және Ұлы Отан соғысы мүгедегіне теңестірілген 16 мыңнан астам адам бар.
Фашизммен соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 196 мыңнан астам азамат аттанды. Оның 600 мыңнан астамы майданда қаза тапты. Соғыс жылдары елде қалған халық та Жеңіске үлес қосты: жоқшылық пен жұтқа қарамастан тыл майданға қару-жарақ, азық-түлік пен басқа да өнім жіберіп тұрды. Кеңес әскерлері қолданған әрбір 10 оқтың 9-ы Қазақстан қорғасынынан құйылды.
Қазақстан халқы Жеңіс күнін сол себепті ерекше қастерлейді. Бұл күні майданнан оралмаған боздақтарға тағзым ретінде еліміздің әр өңірінде «Жаужүрек полк» шеруі өтеді.