Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ азаматқа жоғары әскери және арнаулы атақтар мен класс шендерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқанын айтты.
Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған байтақ жерімізді қорғау — бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән беретінін айтты.
Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау — біздің армиямыздың және Күш құрылымдарының басты бағдары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына — генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Барлық күш-жігеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбегінің лайық жемісі екенін атап өтті.
Бұл сіздердің кәсіби және жеке сіңірген еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сонымен бірге одан да ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру жолында барлық күш-жігеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін, — деді Мемлекет басшысы.
Рәсім барысында 2-класты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені Ғизат Нұрдәулетов пен Марат Ахметжановқа, полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағы Алик Шпекбаев пен Ерлан Тұрғымбаевқа, генерал-лейтенант әскери атағы Мүсілім Алтынбаевқа, Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы Әзімхан Жүсіповке, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы Дәулет Ерғожинге, Талғат Әлімжановқа, Марат Ирменовке, Асхат Төлеуовке, Бақытжан Уәлиниязовқа, сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы Бақытжан Найзабековке, 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы Қайрат Сөнтаевқа, генерал-лейтенант әскери атағы Әмір Халықовқа, генерал-майор әскери атағы Марат Аймашевке, Александр Ашировке, Фазылолла Бәденовке, Арман Жұмағалиевке, Тимур Қайырбековке, Талант Мұратбаевқа, Асқар Мұстабековке, контр-адмирал әскери атағы Сәкен Бекжановқа, 3-класты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені Қайрат Жақыпбаевқа, Берік Жүйріктаевқа, Марат Сексембаевқа, полиция генерал-майоры арнаулы атағы Қайрат Дәлбековке, Аян Дүйсембаевқа берілді.