Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде жұртшылықпен кездескен кезде Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту қажет екенін мәлімдеді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті жұмыс сапары аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысып, бұл жобалардың ұлт руханиятына сүбелі үлес қосатын бастамалар болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қабырғасында қала жұртшылығымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Кездесуде Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.
Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл — қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін және ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін айтты.
Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат — дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын айтты.
Бұл — күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Семейдің бүгінгі ахуалына байланысты жүзеге асырылатын міндеттер жайлы да айтты.
Қаланың әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар. Көне ғимараттардың тарихи және бастапқы бейнесін сақтап қалу — өте маңызды міндет. Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Ол Семей жұртшылығымен кездесуде өңірде Ядро медицинасы орталығы құрылысының ұзаққа созылып кетуін сынады.