Қанат Бозымбаев атом электр станциясы құрылысы туралы пікір білдірді

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Президент телерадиокешенінің «Золотая эпоха Нур-Султана и Москвы» атты жаңа деректі фильмінде Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Фильмнің анонсы телерадиокешеннің Instagram-дағы парақшасында жарияланды.

Қоғамымызда сондай фобия болып жатқанын түсінеміз, ол біздің мұрамыз — Семей ядро полигонымен байланысты. Ол көп қайғы-қасірет шеккен халқымыздың генінде сақталып қалған. Егер шешім қабылданса, біріншіден, қоғамның пікірі ескеріледі, өйткені қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, — деді министр.

Қанат Бозымбаев АЭС құрылысы жөнінде жергілікті атқарушы органдар тиісті консультациялар жүргізілетінін де айтты.

Владимир Владимировичтің айтқаны — Ресей тарапының тілегі ғана. Біз қоғамымызды ақпараттандырамыз, бұл мәселе Үкімет басшылығының және Мемлекет басшысының бақылауында болады, — деді ол.

Еске салайық, 3 сәуір күні Қазақстан мен Ресей басшыларының ресми кездесуі барысында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда атом электр станциясын Ресей технологиясы бойынша салуды ұсынды. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев егер Қазақстан атом электр станциясын салар болса, ол үшін Алматы облысында жер бөлінгенін хабарлады.