Атом электр станциясын салуда қоғамның пікірі ескеріледі

ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Парламент Сенатының кулуарында атом электр станциясын салуда Қазақстан азаматтарының пікірі ескерілетінін айтты.

Біріншіден, қазақстандықтардың пікірі ескерілетіні сөзсіз. Екіншіден, орны туралы, бұған дейін айтқан едім, ауданның сейсмикалық жағынан, суға жақындығы жағынан және тағы басқа жағынан түрлі алаң қарастырылды, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта нысан құрылысы үшін таңдалған жерлердің қысқа тізімі анықталған.

Ол — Курчатовтағы алаң және Алматы облысының Үлкен елді мекеніндегі алаң, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Мағзұм Мырзағалиев атом электр станциясы құрылысы бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтты. Бірақ әлі нақты шешім қабылданған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Энергетика вице-министрі егер Қазақстан атом электр станциясын салар болса, ол үшін Алматы облысында жер бөлінгенін хабарлаған еді. 3 сәуір күні Қазақстан мен Ресей басшыларының ресми кездесуі барысында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда атом электр станциясын Ресей технологиясы бойынша салуды ұсынған.

ДереккөзZakon.kz