Гүлзат Қопанова, дәрігер
Гүлзат Қопанова, дәрігер. Фото жеке архивінен

Ұйықтап жатып сөйлеу медицинада сомнилоквия деп аталады. Ғылымда бұл құбылыс әлі толық зерттелмесе де, ол туралы жалпы түсінік беруге болады. Дәрігердің айтуынша, бұл көбіне ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Адам ұйықтап жатып сөйлегенде түс көруі де, көрмеуі де мүмкін және көбіне сөйлеген сөзі көріп жатқан түсімен байланыспайды. Түс әдетте қисынсыз дүниелер туралы, ал ұйықтап жатып айтылған сөз өмірде кездесетін нәрселер жайында болады, бірақ ұйқысыраған адамның сөзінде қандай да бір мағына болады немесе шындыққа жанасады деп тұжырымдауға келмейді.

Ұйқы кезіндегі  сөздер түсінікті немесе түсініксіз болуы мүмкін. Бұл — мидың сөйлеуге жауап беретін белсенді бөлігінің жұмысы. Процесс баяу ұйқының терең фазасы динамикалық ұйқының фазасына ауысатын кезде болады, яғни адам сол кезде сөйлейді, — дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, ұйықтап жатып сөйлеу көбіне алаңдайтындай жағдай емес. Адам ұйықтап жатқан кезде ми қабығы мен сөйлеу функциясына жауап беретін жасушалар белсендірек жұмыс істейді. Соған байланысты адам ұйқы кезінде қозғалыссыз жата алмайды, оңнан сол жаққа немесе керісінше аунайды, бет-әлпетін қимылдатады, кейде сөйлейді.

Адамның ұйықтап жатып жиі сөйлеуін бірнеше себеппен түсіндіруге болады:

  • бұл ересектерге қарағанда балаларда жиірек кездеседі. Өйткені балаларда жүйке жүйесі біртіндеп қалыптасады. Бұл жақсы мен жаман жағдайды әдеттегіден екі есе жоғары қабылдауына түрткі болады;
  • баланың тілі енді шыға бастағанда ата-анасы көбіне оның ұйықтап жатып ернін жыбырлататынын, қандай да бір дыбыс шығаруға ұмтылатынын байқайды. Мұны мидың жаңа ақпаратты қабылдауға реакциясы деп түсінуге болады. Бұл — шет тілін үйреніп жүрген ересектерде де жиі болатын құбылыс;
  • адам табиғатынан сезімтал болса, сергек кезінде аса таңғалатындай оқиға болмаса да, ұйықтағанда сөйлейді. Мысалы, ұйқыға жатар алдында шытырман фильм көрсе, бұл оның ұйықтап жатып «әңгіме айтуына» жеткілікті.

Ұйықтап жатып сөйлеу кейбір сирек жағдайда патология немесе ауру түрі болып шығуы мүмкін. Дәрігер мына жағдайларда мәселеге бейжай қарамауды ескертеді:

  • егер адам ұйықтап жатып айқайласа, агрессия байқатса;
  • тісін қайрайтын болса;
  • тез оянбай, есін әрең жиятын болса;
  • сөйлеп жатып, тынысы тарылатын болса.

Ұйқылы күйі тұрып, жүріп кетуді медицинада сомнамбулизм немесе айкезбелік деп айтады. Мұндай кезде адамды шошытып, бірден оятуға болмайды. Айкезбелерді сақтандыру үшін табалдырыққа немесе төсегінің жанына дымқыл шүберек жайып қоятындар бар. Оны басқан адам оянады.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©BOTA)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!