Жолдас Өрісбай, журналист

IELTS — 7,0
Жолдас Өрісбай
Жолдас Өрісбай. Фото жеке архивтен.

Ағылшын сөздерін әдетте тақырыптар бойынша жаттауға тырысамын. Мысалы, Wordbit деген мобайл қосымша бар. Соны смартфонға жүктеп, сөздерді тақырып бойынша бөліп қоюға болады. Телефонды әркез бұғаттан шешкен кезде қосымша жаңа сөздерді жібереді. Смартфонды өте белсенді қолданатын болған соң осы қосымша маған өте тиімді. Бір күнде кем дегенде 80-100 сөз қарап үлгеремін. Бұл — ағылшын тіліне арнайы уақыт бөлмегендегі сан. Әрине, оның біразы пассив болып сақталуы мүмкін, дегенмен есте қалатыны да көп.

Одан бөлек, американ сериалдарын көру арқылы сөз жаттауға тырысамын. Әдетте сериалды субтитрмен көремін. Жаңа сөзді байқап қалсам, паузаға басып, сөздің аудармасын іздеймін. Бір сериал 40 минут болса, оны 60-70 минут көремін. Бірақ осы тәсіл ұнайды. Американ сериалдарын тіл үйрену үшін ғана емес, басқа нәрселерді түсіну үшін де көремін. Олардың сыни көзқарасты дамытуға да оң нәтижесі бар. Осылайша әрі кино көресің, әрі сөздік қорың байи түседі.

Мultitran.ru сайтының мобайл қосымшасын пайдаланамын. Одан кез келген сөзді табуға болады. Сөздің негізгі және алтернатив мағыналарын тауып береді. Көшеден, жарнамадан жаңа сөзді көріп қалсам, сол қосымшаға жазып, аударып отырамын. Көп көмектеседі.

Сөздерді тақырыптар бойынша жаттауға көмектесетін басқа да мобайл қосымшаларды пайдаланамын. Көбі — GRE емтиханына дайындыққа арналған қосымша. GRE — Америкада магистратура оқуды мақсат еткен адамдар тапсыратын емтихан. Жиі қолданатын Galvanize, GRE for you деген қосымшаларды айтсам болады. Мұнда көбіне күрделі, ғылыми сөздер. Болашақта ағылшын тілінде мақала жазуды түбегейлі қолға алған кезде сол сөздер көп көмектеседі деп ойлаймын.

Шетел азаматтарымен түрлі тақырыпта сөйлесіп жатқанда таныс емес сөздерді байқап қаламын. Сол кезде одан мағынасын түсіндіріп беруін бірден сұраймын. Меніңше, тіл үйренгенде бұлай сұрауға ұялмау керек.

Данияр Жігітбек, IT-инженер

IELTS — 7,5
Данияр Жігітбек
Данияр Жігітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бір сөзді естісем, сол сөзбен дыбысталуы ұқсас сөзді қарап, образ жасаймын. Адам образбен ойланады ғой, естіген нәрсені есте сақтауға сол көмектесетін сияқты. Жақында досым көзге тамызатын «Тауфон» деген дәріні алып келші деп өтінді. Сол кезде таудың фонында досым көзіне дәрі тамызып жатқанын елестеттім. Болды, осыдан кейін «Тауфон» миымда әбден сақталды.

Моңғол тілінде «цегцег» деген сөз бар. Галбадрах Отгонцегцег деген қазақстандық дзюдоисті білеміз. Сол «цегцег» деген сөз «гүл» деген мағынаны береді екен. Дыбысталуы «шешек» деген қазақтың сөзіне ұқсайды. Есте сақтауым үшін оны «гүлшешек» деп байланыстырып көрдім. Жаңа сөз жаттау үшін образдарды осылай бір-біріне байлап тастаймын.

Адамдар ақпарат қабылдау жағынан үш түрлі болады — визуал, аудиал және кинестетик. Мен аудиалмын, визуалдар көзбен көріп жаттайды. Ал кинестетиктер динамика, қозғалыс немесе ұстап көру арқылы есте сақтайды. Адамдар осы ерекшеліктеріне қарай тәсілдерін таңдау керек деп ойлаймын.

Сөзді арнайы жаттаған емеспін, тілді үйрену үшін көп оқи бердім. Бір мәтінді оқып отырғанда бүкіл сөзді аударып шығу міндетті емес. Кілт сөздерді білсе де, жеткілікті. Олар жиі кездескен соң өздігінен жатталып кетеді. Сөздік қорым солай артты.

Сөздерді белгілі тақырып аясында жаттаған тиімді. Мысалы, саяхатқа, бизнеске, тағы басқаларына қатысты жаттау керек. Күніне өте көп сөз жаттауға болады. Артур Думчев өзінің кітабында бір адамның сөз жаттау әдісін ұсынады. Алдымен сөздік қорыңды қала деп есептейсің. Қаланың қақ ортасындағы сөз етістік, солтүстігі сын есім немесе сан есім болады. Сөз таптарына байланысты сөздерді орын-орнына қойып шығасың. Мысалы, ағылшын тілінде crumble деген сөз бар, «құлау» деген мағынаны береді. Дыбысталуы жағынан орысша «кран был» дегенге ұқсайды. Кранды қаланың ортасына қойып қоясыз. Бұл жерде образбен ойлау, ассоциация бар. Осы әдіс аптасына 2000 сөзге дейін жаттауға мүмкіндік береді екен.

Руслан Меделбек, журналист

IELTS — 7,5
Руслан Меделбек
Руслан Меделбек. Фото жеке архивтен

Ағылшын тілін үйренген кезде әркім өзінің тәсілін тауып алуы керек. Жаңа сөздерді екі жолмен — көзбен және құлақпен жаттаймын. Визуал болған соң сол сөзді елестетемін немесе оны Google-дан іздеймін. Арасында дыбысталуын тыңдап жүремін. Кей адам конспект жазып, соны оқып, қайталайды. Мен олай жаттай алмаймын. Есте сақтау қабілеті адамның мінезіне де байланысты болады. Мысалы, кей достарым шешім қабылдамас бұрын үш рет ойланады. Визуалдар іске көбіне бірден кіріседі.

Бүгін 10 сөз жаттасам, ертең және арғы күні сол сөздерді қайталаймын. Бір аптадан соң, одан 15 күннен кейін және бір, екі айдан соң жаттаған сөздеріме ораламын. Бұл да — есте сақтаудың бір әдісі.

Кей адам жаттаған сөзін практикада қолданбаса, ұмытып қалады. Негізі жаттаған сөздерді пайдаға асырып отыру керек. Сөйлегенде, шығарма, хат жазғанда болсын оны қолданысқа енгізіңіз. Мысалы, күніне 10 сөз аламын. Бірінші оларды қағазға түсіремін. Одан кейін Google-дан суретін іздеймін, дыбысталуын да тыңдаймын. Сондай сөздері бар мәтіндерді қараймын. Күнде кешке бір сағат уақытымды бөліп ағылшын тілінде эссе жазамын. 10 минутта эсседе қолдануым керек 20 сөзді тізіп, ортақ тақырып іздеймін. Эсседе жаңағы сөздердің кем дегенде жартысын қолдануға тырысамын.

Кей адам елеспен жаттайды. Жаттаудың әдіс-тәсілі өте көп. Адам өз психологиясын іштей танып білген кезде қай әдіс өзіне лайық екенін біледі. Сөз жаттағанда арнайы диета ұстау керек дегенге сенбеймін. Тек көп оқу қажет.