Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлерді қалай табуға болады?

Із-түзсіз жоғалған
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен батырлар бар. Оларды табу қиын, бірақ бұл мүмкін нәрсе. Із-түссіз жоғалған жауынгерлерді іздеу әдістері туралы материалды қайта жариялап отырмыз.

1. Неден бастау керек?

Ұлы Отан соғысына қатысқан туысқаныңды табудың ең жылдам әрі оңай жолы - арнайы базалардың сайтынан қарау.

Mod.gov.kz

Mod.gov.kz - соғысқа Қазақстаннан шақыртылып, қаза тапқан, із-түссіз жоғалған адамдардың мәліметі жинақталған база. Мұнда адамдар туралы ақпарат әліпби ретімен жазылған:

  • аты-жөні;
  • туған жері мен жылы;
  • әскерге шақырылған күні мен жері;
  • соңғы қызмет еткен жері;
  • шені;
  • майданнан шыққан датасы мен себебі.

Бұл - өте көлемді база. Бір бетте 10 мың адамның тегі шығады. Іздеу оңай болуы үшін, Ctrl+F пернелерін басып, іздеу жолағына іздеген адамның тегін жазыңыз. Осылай тез табасыз.

Мемориал

Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігі Орталық архивінің (ЦАМО) "Мемориал" мәліметтер базасынан қарау.

Ол үшін сайтқа кіріп, "Тегі", "Аты", "Әкесінің аты" деген жолдарды толтыру керек. Жоғалған туысқаныңыз туралы барлық мәліметті білетін болсаңыз, "кеңейтілген іздеу" арқылы оның туған жылын, шақыртылған жерін де көрсетуге болады.

"Іздеу" пернесін басқан соң, мәліметтер базасынан сіз жазған адамға қатысты базада бар барлық мәлімет шығады. Ешқандай нәтиже шықпаса, адамның тегі мен атындағы әріптерді өзгертіп көріңіз. Себебі соғыс кезінде барлық құжат орысша толтырылғандықтан, есім қате жазылуы мүмкін.

Мысалы, Кәрібжан деген азаматтар "Карибжан" немесе "Карпжан" деп толтырылып кетеді. Сонымен бірге ол адам туралы мәліметтер бірнеше жылдан кейін табылып, құжатындағы жазулары өшіп кеткендіктен, базаға аты-жөні ішінара өзгертіліп енгізілуі де ғажап емес.

Хат, іздеу
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Базадан туысқаныңыздың әскерге шақырылған қағазымен бірге, қайда жерленгені, қандай ерлік көрсеткені туралы мәлімет тапсаңыз, жолыңыз болыпты. Себебі аты-жөні анықталмай кеткен қаншама сарбаз бар.

Олардың денесін іздеу отрядтары тауып жатыр, алайда кім екенін айғақтайтын құжаты жоқ. Ал кім екенін анықталса, олар міндетті түрде сарбаздың туысқандарына хабар береді.

2. Қосымша ақпарат жинау. Хаттары сақталған ба?

Хаттар

Іздеу кезінде хаттардың да маңызы зор. Оларда көрсетілген дала пошта бекеттерінің нөмірі аса маңызды. Сол арқылы туысқаныңыз қызмет кеткен дивизияның, бөлімнің нөмірін анықтай аласыз.

Ол үшін Soldat.ru сайтынан дала пошталары туралы ақпаратты қарауға болады. Ондағы хаттардың мерзіміне мән беріңіз, сол арқылы адамның қай әскери операцияға қатысқанын білесіз.

Әскери шені

Туысқаныңыздың қандай да бір әскери шені болғанын білсеңіз, іздеу жұмыстары жеңілдей түседі.

Кіші лейтенант шенін алғаннан бастап адамның жеке мәліметтері автоматты түрде тіркеледі. Онда өмірбаяны, әскери жетістіктері тіркелген құжат болады.

Жарақат алған болса

Соғыс кезінде госпитальға түскен адамдардың бәріне жеке карта ашқан. Оған қай госпитальда не үшін емделгені, қай жері жарақаттанғаны, қай дивизиядан әкелінгені жазылады. Бұл туралы ақпаратты Ресейдің қорғаныс министрлігі орталық архивінің (ЦАМО) әскери-медициналық құжаттар бөлімшесінен іздеуге болады. Ол Санкт-Петербург қаласында орналасқан.

Оған хат жазсаңыз, әдетте, жарты жылдан кейін жауап береді. Хатты міндетті түрде арнайы тапсырыспен қағаз нұсқасында жазу керек. Онда туысқаныңыздың толық аты-жөнін, туған жылы мен жерін, қай әскери бөлімшеден шақыртылғанын, әскери бөлімнің нөмірін, әскери шенін, соңғы хаты қашан келгенін көрсетсеңіз, суретін жіберсеңіз тіпті жақсы. Бұл архив қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді, сәйкесінше, жауабы да ертерек келеді.

Бөлімшенің мекенжайы: РФ қорғаныс министрлігі орталық архивінің бөлімшесі (Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық құжаттар) 198329. Санкт-Петербург қаласы, Отважный көшесі, 2-үй. Архивтің қабылдау бөлімінің нөмірі +78124598755, +78124598772.

3. Тағы қандай сайттардан іздеуге болады?

Әскери әдебиет

Сайтта әскерге қатысты көптеген құжат, естелік, жинақ бар. Туысқаныңыз қызмет еткен дивизияның нөмірін, соғысқан аймақтарын білсеңіз, жоқ дегенде жалпы мәліметтерді табуға болады.

"Подвиг народа" мәліметтер базасы

Бұл мәліметтер базасы - ЦАМО-ның тағы бір жобасы. Онда соғыс кезінде орденмен марапатталған адамдар туралы ақпарат жинақталған.

Саксон мемориалы

Саксон мемориалы Дрезден қаласында болған саяси террор құрбандарының құрметіне ашылған. Одан тұтқынға түсіп, лагерьге жіберілген адамдар туралы мәліметті табуға болады.

Бад Арользенедегі Халықаралық іздеу қызметі

Бұл да - немістердің тұтқыны болған адамдар жөніндегі база. Онда Нойенгамме (2 400 тұтқын) мен Дахау (330 тұтқын) концлагерьлеріне түскен адамдардың жеке заттары мен мәліметтері өте көп. Сонымен бірге Гамбургтегі, Нацвайлер мен Берген-Бельзен, Амерсфоорт пен Компиенье лагерлерінде болған адамдардың жеке заттары да бар.

Тағы мына сайттардан қарауға болады:

4. РФ қорғаныс министрлігінің орталық архивіне бару

Хат жазу
Иллюстрация ©Бекзат Исамбергенов

Электрон мәліметтер базасынан ешқандай ақпарат таба алмасаңыз немесе ондағы нәтиже көңіліңізден шықпаса, Ресейдің Подольск қаласындағы орталық архивке баруға тура келеді.

Архивке бару үшін алдын ала өтініш бересіз. Онда жеке басыңызды куәландыратын құжат, іздеп жүрген адаммен туысқандық байланысыңызды растайтын құжат (ол болмаса, жоғалған адамның туысқандарының мүмкіндігі болмай, сізге өтініш білдіргені жөніндегі сенімхаты (оны нотариус бекітуі керек) жібересіз. Ол хатты арнайы тапсырыспен (!) жіберу керек.

Мекенжайы: 142100, Москова облысы, Подольск қаласы, Киров көшесі, 74.

Толық ақпаратты 8 (4967) 69-90-05 нөмірі арқылы білуге болады.

Оның жауабы да жарты жылға жуық уақытта келеді. Себебі жоғалған адамын іздеп жүргендер көп.