ҰБТ-2020: пандемия кезіндегі сынақ қалай өтеді?

ҰБТ
Иллюстрация: Freepik.com

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.

2020 жылы өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермесе де, біраз жаңа қағида енгізілді. Сонымен бірге пандемияға байланысты тестілеу кезінде санитария талаптары қатаң сақталуы керек. Ол қандай қағидалар мен талаптар?

1. ҰБТ-2020 қашан өтеді?

Елде Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Оған 131 мың 755 түлек қатысады. Оның 111 017-сі - мектептердің биылғы түлегі, қалған 20 738-сі - мектепті бұрын бітірген жас.

2. Түлектер тестілеуді неше пәннен тапсырады?

2020 жылғы ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Түлектер үш міндетті және екі бейінді пән бойынша қағаз арқылы тест тапсырады. Тест тапсырмаларының саны - 120. Ең жоғары балл - 140.

3. Тест тапсырмасын орындауға қанша уақыт беріледі?

Бұған дейін талапкерлерге тапсырманы орындауға 3 сағат 50 минут берілетін еді. Осы жылдан бастап тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды.

4. ҰБТ-ға қандай тапсырмалар енбейді?

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде 11-кластың төртінші тоқсанындағы бағдарлама бойынша сұрақ болмайды. 5-кластан 11-кластың үш тоқсанына дейінгі аралықтағы тапсырмалар ғана беріледі. Бұл жеңілдік оқушылардың соңғы тоқсанды қашықтан оқуына байланысты жасалып отыр.

5. Шекті балл қанша?

  • Педагогика мамандықтарына оқуға түсу үшін 70 балл;
  • Ұлттық университеттерге немесе медицина мамандығына түсу үшін 65 балл;
  • Агроөнеркәсіп кешені мамандықтарына 60 балл;
  • Қалған университеттерге түсу үшін 50 балл жинау керек.

6. Шекті балл ала алмаған жағдайда не істеуге болады?

Академиялық кезең аяқталғанға дейін ҰБТ-дан шекті балл алмағандар сынақты жыл ішінде басқа уақытта тапсыруына болады.

7. ҰБТ кезінде қандай санитария шарасы жасалады?

ҰБТ 161 тестілеу пунктінде, 1 200 аудиторияда өтеді. Тестілеу пункттерінде баррикада ленталары қолданылады. Аудиторияның 50%-і ғана толы болады. Тестілеуге кіру кезі мен сынақ барысында талапкерлердің арасында 2 метр қашықтық сақталады. Сонымен бірге коронавирус инфекциясынан қорғану үшін мынадай 5 шара қолданылады:

  • Тест тапсырушыларды зарарсыздандыру тоннелінен өткізу;
  • Олардың аяқкиімін арнайы зарарсыздандыру кілемшелерімен өңдеу;
  • Түлектердің қолын санитайзермен тазалау;
  • Олардың дене қызуын өлшеу;
  • ҰБТ-ға қатысушыларға бірреттік медицина маскасын тарату.

8. 2020 жылғы ҰБТ-ға қандай жаңа қағидалар енгізілді?

  • Түлектер ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды онлайн тапсырды;
  • Тестілеуге кіретін қатысушының бет-әлпетін тану - Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру тәсілі алғаш рет қолданылады;
  • 2020 жылы ҰБТ сертификаты қағаз түрінде емес, электрон нұсқада беріледі;
  • Түлектердің SAT, ACТ және IB халықаралық тестілерінен алған балы ҰБТ балы ретінде есепке алынады. Мұндай сертификаты барлар ҰБТ-дан босатылады және білім грантын тағайындау конкурсына қатыса алады;
  • ҰБТ кезінде тест тапсырушыға қарапайым калькулятор беріледі;
  • Металланықтағыштан өткен кезде тест тапсырушыдан ұялы телефон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттар табылса, оған ҰБТ-ға қатысуға рұқсат етілмейді. Егер талапкер тестілеу кезінде қолдануға болмайтын затты пайдаланса немесе видеодан сондай әрекеті анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім гранты жойылады.

9. Тест тапсырушыларға қандай заттарды қолдануға болмайды?

  • ұялы телефон;
  • ноутбук;
  • фотоаппарат;
  • пейджер;
  • плеер;
  • ақпарат беретін материалдар мен анықтамалар;
  • дәптер;
  • шпаргалка қолдануға болмайды.

Химияны таңдау пәні ретінде таңдаған түлектерге Менделеев пен тұздың еру кестесін қолдануға болады.

10. Шетелдегі ұлты қазақ азаматтар ҰБТ-ға қатыса ала ма?

Шетелде білім алған немесе Қазақстан азаматы емес, бірақ ұлты қазақ азаматтар ҰБТ-ға қатыса алады және ол үшін шекарадан өте алады.

11. 140 балл жинағандарға қандай сыйлық беріледі?

Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 ұпай жинаған әр тест тапсырушыға соңғы модельдегі ноутбук сыйға беріледі.

12. Ата-анаға қандай талап қойылады?

Ата-ана мен басқа да тұлғаларға балаларды ҰБТ өтетін пункттерде күтіп отыруға тыйым салынады. Олар тестілеу барысын ҰБТ өтіп жатқан жерге бармай-ақ, үйінде отырып көруі үшін онлайн трансляция жасалады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтемені басып, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көре алады.