2020 жылғы ҰБТ қағидаларына жаңашылдық енгізілді

Түлектер үш міндетті және екі бейінді пән бойынша қағаз арқылы тест тапсырады. Тест тапсырмаларының саны бұрынғыдай — 120, ең жоғары балл — 140. Тестілеуге мектеп түлектерінен 15 сәуірден 10 мамырға дейін өтініш қабылданып, жалпы саны 111 мың 109 өтініш түскен. Алдыңғы жылдары мектеп бітіргендерден түскен өтінішті қосқанда биыл барлығы 131 мың 755 адам ҰБТ тапсырады. Елде ҰБТ 20 маусымнан 5 шілде аралығында 161 тестілеу пунктінде өтеді.

Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгіздік. Тестілеуге кіретін қатысушыға бет-әлпетін тану — Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру тәсілі алғаш рет қолданылады. Жылда сертификат қағаз түрінде берілсе, 2020 жылы ҰБТ сертификаты электрон нұсқада беріледі. Білім беру грантын тағайындау кезінде де электрон куәлік енгіздік. Академиялық кезең аяқталғанға дейін ҰБТ шекті балын жинай алмаған тұлғалар жыл бойы тестілеуден өте алады, — деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Педагогика мамандықтарына түсушілерге талап күшейді. Осы мамандыққа тапсыратындардың шекті балы 60-тан 70-ке дейін көбейді. Талапкерлерден тестілеу кезінде қолдануға тыйым салынған заттар табылса немесе ҰБТ бейнежазбасын қарағанда ондай заттар пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады. 

Оған қоса, тестілеуге қатысушыларға қарапайым калькулятор беріледі. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылды. Талапкер тестілеуге жақсылап дайындалуы үшін Ұлттық тестілеу орталығы сайтында ақысыз сынақ тестерінің 70 нұсқасын алдын ала берген едік. Оның үстіне, 2020 жылғы түлектер мектепте тапсыратын емтиханнан мамыр айында босатылды. Мұның бәрі мектеп бітірушілерге үлкен қолдау болды, — деді Білім және ғылым министрі.

Министр пандемияға байланысты ҰБТ тапсыру кезінде санитария талаптары қатаң сақталуы керек екенін айтты. Ата-анаға, балаларды алып жүруші тұлғаларға ҰБТ пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-ана тестілеу барысын ҰБТ өтіп жатқан жерге келмей-ақ, үйінде отырып көруі үшін онлайн трансляция жасалады. Тестілеу пункттерінде баррикада ленталары қолданылады. Онда нүктелер белгіленіп, талапкерлер бір-бірінен 2 метр қашықтықты сақтап кіреді. Тестіні де 2 метр қашықтықта отырып тапсырады.

Коронавирус таралуынан сақтану үшін тағы бес сақтық шарасы қабылданды. Әуелі, тест тапсырушылар залалсыздандыру туннелінен өтеді. Аяқкиім арнайы кілемшелермен, қол санитайзермен залалсыздандырылады. Тестілеуге кірерде әр талапкердің дене қызуы өлшеніп, медицина маскасы таратылады, — деді министр.

Министрдің айтуынша, тестілеу материалдары түгел басылып шықты. ҰБТ өтетін пункттер тиісті құрылғылармен толық жабдықталды. Тестілеу комиссиялары мен апелляция комиссиялары бекітілді, олар жұмысын бастауға дайын.