Мектеп формасының түсі мен белдемшенің ұзындығы қандай болуы керек? Мектепте шаш пен тырнақ бояуға, мұрын тесуге бола ма? Оқушының стиліне қатысты қандай шектеу барын заңгер Нұра Өтебаева айтып берді.
1. Мектеп формасының түсі қандай болуы керек?
Қазақстанда бірыңғай міндетті мектеп формасы жоқ, бірақ білім және ғылым министрлігі мектеп формасы классикалық үлгіде болуын міндеттейді. Бұл туралы "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығында жазылған.
"Алматы мен Нұр-Сұлтанда мектеп формасы қою көк түсті болуы керек. Осы екі қалада оқушылар жиі мектеп ауыстыратындықтан, жаңа мектеп формасын сатып ала бермеу үшін жалпыға бірдей қою көк түсті форма міндеттеледі", - дейді заңгер.
Заң бойынша мектеп формасын таңдағанда саны үштен аспайтын түсті араластыруға болады. Сұр, қара, көк түсті мектеп формасы да кездеседі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
2. Белдемшеның ұзындығын кім қадағалайды?
Заңда мектепке киетін белдемшенің нақты ұзындығы, тізеден жоғары не төмен болу керек екені туралы жазылмаған. Заңгердің айтуынша, белдемшенің ұзындығы мен фасонын әр мектеп өзі бекітеді.
"Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрықтың 19-тармағына сәйкес, мектеп формасының түсін, фасонын, белдемшенің ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды және мектептегі жалпы ата-аналар жиналысының хаттамасында бекітіледі", - дейді Нұра Өтебаева.
Ал шалбардың ұзындығы тобықты жауып тұруы керек.
3. Ұлдар белдемше кие ала ма?
Бұйрық бойынша мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшелігіне қарай енгізіледі және күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
"2021 жылы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының белдемше кигенінен кейін қоғамның қысымға ұшырағаны туралы ақпараттан кейін осы сұрақ жиі талқыланды. Бұйрықтың 8-11-тармақтарында ұлдар мен қыздардың мектеп формасы туралы жазылған. Бұл тармақтарда ұлдардың мектеп формасында белдемше көрсетілмеген. Сондықтан заң бойынша мектепке ер балалардың белдемше киюіне рұқсат берілмейді. Ал қыздар шалбар киюге құқылы", - дейді заңгер.
Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде.
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде.
4. Мектеп формасын сақтамағандарға шара қолданыла ма?
Мектептің ішкі жарғысына сәйкес, мектеп әкімшілігі форма сақтамаған оқушыға ескерту жасауға құқылы. Ескерту жасағанда оқушының жеке басына, қадір-қасиетіне қол сұғылмауын қадағалауы керек.
Мектеп формасын сақтамағаны үшін оқушыны мектепке, сабаққа кіргізбей қоюға, үйіне қайтарып жіберуге немесе денсаулығына нұқсан келетін жаза қолдануға тыйым салынады.
Қазақстан Конституциясының 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды және ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, жәбір көрсетуге не қадір-қасиетін таптайтындай жазалауға болмайтыны жазылған.
"Мектеп әкімшілігі сабақ уақытында оқушының қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан оны кластан шығарып жіберуге, мектептен қууға ешкімнің құқығы жоқ. Сабақтан кейін алып қалу да оқушының еркіндігін шектеуге жатады. Мектеп формасын сақтамаған оқушымен класс жетекшісі, мектеп әкімшілігі сөйлесіп, оқушыға және ата-анасына ескерту жасай алады", - дейді заңгер.
5. Шаш пен тырнақ өсіріп, оны бояуға бола ма?
"Заңда мектеп оқушысына шаш, тырнақ бояуға, мұрын тесуге болмайды деп көрсетілмеген. Мұның бәрі мектептің ішкі жарғысына байланысты",- дейді Нұра Өтебаева.
Бұйрықтың 19-тармағында сәйкес, оқушы мектеп жарғысына сай киінуге, жарғыда жазылған ережелерге бағынуға міндетті. Мектеп жарғысын жасауға ата-аналар да қатысады, сол себепті оқушылар ұсынысын солар арқылы жеткізе алады. Оқушының мектеп формасына қатысты шешімге көңілі толмаса, баланың ата-анасы мектеп жарғысын өзгертуге ұсыныс білдіре алады.
"Мектепің көбінде жасанды тырнақ, кірпік жапсыруға тыйым салынған. Бұл ең әуелі оқушылардың гигиеналық тазалығы үшін енгізілген ереже", - дейді заңгер.
Алайда мектепке боянып келді, маникюр жасады немесе шашын бояды деп оқушыны өзгелердің көзінше де, жеке де балағаттауға, оны жазалауға болмайды.
6. Мектеп формасын аксессуармен үйлестіріп киюге бола ма?
Бұйрық бойынша мектептің ерекшелік белгісін пиджак, жилет немесе галстуктың жоғарғы бөлігіне тағуға болады.
Жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар қолдануға тыйым салынады. Бұл мәселе тағы да мектептің ішкі жарғысына сай реттеледі. Әр мектептің заңы басқа болуы мүмкін.
7. Мектепте хиджаб киюге тыйым салынған ба?
Мектепте хиджаб киюге, орамал тағуға немесе басқа да діни элементтерді қолдануға министрлік бұйрығында тыйым салынған.
"Мектеп формасына түрлі діни конфессияға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды", - делінген бұйрықтың 13-тармағында.
"Оқушы мектепке білім алуға келеді. Ол өзін қандай да бір діни, саяси топтың өкілі ретінде көрсетпеуі керек. Балалар арасында ерекше белгісіне қарап келек ету, мазақтау, буллинг болуы мүмкін", - дейді заңгер.
8. Ауа райына байланысты мектеп формасын өзгертуге бола ма?
Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, сабақ өтетін орын және оқу ғимаратындағы температуралық режимге байланысты қойылады.
Ұлдар қыста трикотаж жилет, водолазка, ал қыздар қысқы уақытта трикотаж жилет, сарафан, водолазка кие алады. Мектеп формасына жартылай жүн және мақта, төзімді, антибактериалды, антимикробты және антистатикалы қасиеттері бар маталар қолданылады.
9. Бірыңғай мектеп формасы неге міндетті?
Бірыңғай міндетті мектеп формасын сақтауды талап ету білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешелік белгілерін жоюға бағытталған.