«Қазақстан халқына» қорынан қалай көмек алуға болады?

Қазақстан халқына қоры
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

2022 жылғы 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Бұл қандай қор? Кімге және қандай жағдайда көмектеседі? Қордан көмек алу үшін өтінішті қалай беруге болады? Baribar.kz тарқатып жазады.

1. "Қазақстан халқына" қандай қор? Мақсаты қандай?

"Қазақстан халқына" қорының негізгі мақсаты - қазақстандықтардың атаулы және жүйелі мәселелерін шешу. Сонымен бірге Қазақстан Республикасында қайырымдылықты жүйелі дамыту, қайырымдылық мәдениетін көтеру,  қазақстандықтардың мәселесін шешу үшін мемлекет пен қордың мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болуы.

"Қазақстан халқына қоры" денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, спорт салаларына және төтенше жағдай салдарын жоюға мемлекеттік қолдау шараларынан бөлек көмек береді.

2. Қор кімдерге көмектеседі?

Қор екі бағыт бойынша: атаулы және жүйелі көмек береді.

Атаулы көмек -  жедел ден қоюды талап ететін, шұғыл мәселесі бар, көмекке мұқтаж осал топ өкілдеріне қаражат бөлу. Атаулы көмекті Қазақстан азаматтары алады. Мына санаттағы адамдар бірінші кезекте қордың атаулы көмегіне ие болады:

  • Ауыр, сирек кездесетін аурулары мен мүгедектігі бар балалар;
  • Қиын жағдайдағы балалар;
  • Жетімдер;
  • Болашақта қандай да дерттің немесе мүгедектіктің даму қаупі бар нәрестелер;
  • Өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар;
  • Қазақстанның аумақ тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғауда, адамдардың өмірін құтқару кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасылары;
  • Сирек кездесетін аурулары бар ересектер;
  • Табиғи және техноген сипатындағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендер.

Жүйелі көмек -  орта мерзімді міндеттерді жүйелі шешуде даму бағдарламаларын іске асыру үшін қаражат бөлу. Жүйелі көмектің атаулыдан ерекшілігі - мұнда тек нақты бір адам емес, бір топ өкілдеріне көмек беріледі. Оған сәйкес, қор есебінен бірінші кезекте мына даму бағдарламалары қаржыландырылады:

  • Балаларға арналған спорт және білім беру инфрақұрылымын, сонымен бірге басқа да әлеуметтік маңызды қызметтерді дамытуға және қолжетімді етуге жәрдемдесу;
  • Мүгедектігі бар, ауру немесе әлеуметтік бейімделу проблемасы бар баланы асырап алған, қамқоршылық немесе патронаттық тәрбиеге алынған отбасыларға көмектесу;
  • Қиын өмір жағдайына тап болған балаларға көмектесу үшін білім беру орындарымен өзара байланыс орнату;
  • Болашақта балалардың аурулары мен мүгедектігінің ықтимал дамуын болдырмау үшін нәрестелерге медицина қызметін көрсетуді дамытуға және қолжетімді болуына жәрдемдесу;
  • Жетім балалардың бейімделуіне көмектесу;
  • Мүгедектігі барлардың (балалар мен ересектердің) әлеуметтік дағдыларды меңгеруіне және спорт протездері мен жабдықтарын пайдалануға бейімделуіне жәрдемдесу;
  • Дарынды балалардың дамуына ықпал ету;
  • Медицина тәжірибесін локализациялау;
  • Қолжетімді медицина;
  • Табиғи және техноген сипатындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға жәрдемдесу.

3. Өтінішті қалай беру керек?

"Қазақстан халқына" қорына өтініш берудің екі әдісі бар.

Бірінші әдіс.

  1. Qazaqstanhalqyna.kz сайтына кіріп, "Өтінішті қалай беремін" айдарын басыңыз.
  2. Сайтқа кірген соң қор туралы және өтініш беру процесі жөнінде ақпаратты оқып шығыңыз.
  3. Кейін "Қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай қабылдау платформасына өту" деген жазуды басыңыз.
  4. Осы қадамнан кейін сізде бірден atamekenim.kz сайты ашылады.
  5. Онда электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы тіркеліп, көмекке өтініш беруге болады.

Екінші әдіс.

  1. Егер сіз қордың барлық критерийімен таныс болсаңыз, бірден atamekenim.kz сайтына кіріңіз.
  2. Электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, өтініш беріңіз.

Комиссия мүшелері қосымша құжаттар сұрауы мүмкін екенін ескеріңіз.

4. Өтінішті реттілік бойынша қарастыра ма?

Бірінші өтініш беру қордан көмекті де алғаш болып аласыз дегенді білдірмейді. Сарапшылар келіп түскен өтініштерді толық қарастырады. Көмекті ең әуелі мәселесі өзекті немесе жағдайы ауыр адамдарға береді.

5. Қор саяси партияларды қаржыландыра ма?

Қор діни және саяси мәселелерді, ұйымдарды, партияларды және олардың даму жобалары мен бағдарламаларын қаржыландырмайды.

6. Қорға бай адамдар, кәсіпкерлер ақша беруге міндетті ме?

Қорға жеке немесе заңды тұлға өз еркімен демеуші болады. Мемлекет, қор басшылығы ешкімді ақша аударуға міндеттемейді, тіпті, демеушінің қызметіне, жіберген ақшасына да назар аудармайды.

7. Қорға қалай ақша аударуға болады?

Кез келген адам қорға демеуші немесе донор бола алады. "Қазақстан халқына" түскен барлық қаражат жобалар мен даму бағдарламаларын жүзеге асыруға жұмсалады. 2022 жылғы 10 ақпанға дейін қорға 115 миллиардтан астам қаражат жиналған.

Қор шоттарының реквизиттері:

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры
Нұр-Сұлтан, "Есіл" ауданы,
Достық, 13/3, 1308 каб
БСН 220140006999
КБе 18

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
"Қазақстан Халық Банкі" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ52722S000011856768 KZT,
"Kaspi Bank" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ0896503F0010863168 KZT,
"ForteBank" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ34821AGLBY10000001 KZT,
"Bank RBK" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ66998BTB0001436729 KZT,
"First Heartland Jusan Bank" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ078562203115118091 KZT,
"Банк ЦентрКредит" АҚ;

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры,
ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18,
KZ6594805KZT22034070 KZT,
"Евразийский банк" АҚ.

8. Қорға тағы қалай көмек беруге болады?

Азаматтардың өтінішін сараптама комитеттері қарастырады. Сараптама комитетінің комиссия мүшелері - әлеуметтік мәселелерді шешуде көп жыл тәжірибесі бар, салалар бойынша білімі бар қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекет өкілдері.

Егер сізде осы салалардың бірінде көп жыл тәжірибеңіз болса, сіз де сарапшы бола аласыз. Ол үшін:

  1. Qazaqstanhalqyna.kz сайтына кіріп, "Сарапшылар" бөлімін басыңыз.
  2. "Мен сарапшы болғым келеді" деген шағын анкетаны толтырыңыз.