Коронавирус симптомдары байқалғанда не істеу керек?

Коронавирус, дәрі-дәрмек
Иллюстрация: Dribbble.com/©Dragan Sukurma

Дене қызуы көтеріліп, коронавирус симптомдары пайда болғанда әуелі не істеу керек? Компьютер томографиясын қандай жағдайда жасайды? Отбасының басқа мүшелерінен қай кезде оқшаулануға болады? Baribar.kz дәрігер Гүлзат Қопановамен ақылдаса отырып, ең жиі кездесетін сұрақтарға жауап берді.

1. Коронавирус симптомдары пайда болғанда әуелі не істеу қажет?

  • 1403 телефонына қоңырау шалып, жағдайды айту керек.
  • Үйде оқшауланып, жұмысқа, басшылыққа симптомдар пайда болғанын ескерту керек.
  • Отбасының басқа мүшелерінен оқшауланған дұрыс.
  • Емханаға хабарласып, учаске дәрігеріне жағдайды айту қажет.
  • Мүмкіндігінше, жүрек қағысын өлшейтін құрал алдыру керек.
  • Симптомдарды, ағзадағы өзгерістерді жазып отырған дұрыс.

2. Мұндай жағдайда адам өзіне қалай көмектесе алады?

Егер адамның температурасы көтерілсе, парацетамол, ибупрофен немесе нимесулид ішуіне болады. Көп сұйық ішіп, тынығу керек.

3. Дене қызуы қанша уақыт кетпеуі мүмкін?

Адам жедел респиратор вирус инфекциясымен ауырғанда дене қызуы 3-4 күн түспейді. Ал коронавирус инфекциясына иммунитет баяу үйренуі мүмкін. Сондықтан дене қызуы 7-10 күнге созылып жатады. Мұндайдан қорқудың қажеті жоқ, дене қызуының төмендеуін күту керек.

4. Антибиотик қолдану керек пе?

Бактерияға қарсы құралдар коронавирус инфекциясына әсер етпейді. Олар қызуды баспайды, жағдайдың дұрысталуына көмектеспейді. Антибиотиктер бактериал флора кезінде ғана қажет. Дене қызуы бір қалыпқа келіп, бірақ қайта көтерілуі мүмкін. Мұндайда адамның мұрнынан су ағып, қақырық жиналады. Осы кезде дәрігерге жағдайды айтып, маманның нұсқауымен ғана бактерияға қарсы құралдарды қолдануға болады.

5. Ингавирин, арбидол, тамифлю және тағы басқа вирусқа қарсы препараттарды қолдану керек пе?

Мұндай препараттарды COVID-19 вирусына қарсы қолдану туралы нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Бұл дәрілерді ішкен күннің өзінде пайдасынан гөрі кері әсері болуы мүмкін.

6. Қанның ұюын қайтару үшін не істеуге болады?

Инфекция жұқтырған адам көбіне жатып, ем алады. Инфекция әсерінен қан ұюы мүмкін. Мұндай жағдайда ацетилсалицил қышқылын күніне ең көбі 100 милиграмнан 15-20 күн ішуге болады. Егер науқаста қант диабеті, жүректің ишемия ауруы, күретамыр гипертензиясы болса, дәрігермен ақылдасу керек. Дәрігер жағдайға қарай профилактика шарасын қарастырады.

7. Компьютер томографиясын жасату қажет пе?

Егер науқас үйде емделіп жатса, компьютер томографиясын жасайтын мекемені іздеудің қажеті жоқ. Адам үйде емделсе, демек оның жағдайы ауыр емес. Компьютер томографиясы нәтижесі емделу барысын өзгертпейді. Адамның ауруханадан шығуы немесе нақты ем қабылдауы тек книликалық өзгерістерге қарай шешіледі.

Компьютер томографиясын қашан жасату керек?

Науқаста демігу болып, кеуде тұсы ауырса, пульсоксиметрдің көрсеткіші 93%-тен төмен болса, дәрігерге айту керек. Маман науқасты тексеруге жібереді немесе жедел жәрдем шақырып, ауруханаға әкетеді. Содан кейін компьютер томографиясын жасайды.

8. Науқастың созылмалы аурулары болса, не істеу керек?

Инфекцияға дейін берілген негізгі терапияға жататын препараттарды қолдана беру керек. Мүмкіндігінше, мамандардан онлайн кеңес алып отыру қажет. Қан қысымын, дене қызуын бақылап отырған дұрыс.

9. Коронавирус жұқтырған адамды отбасы мүшелерінен оқшаулау қаншалықты маңызды?

Дене қызуы көтерілген адам басқа бөлмеде оқшауланғаны, үйдегілерге жақындамағаны дұрыс. Өйткені отбасының басқа мүшелеріне жұғуы мүмкін. Науқаста ауру симптомдары білінбесе, инфекция өзге адамға жұқпаған болуы мүмкін. Сол себепті бірнеше күннен кейін де оқшаулануға болады, кеш емес.

10. Коронавирус жұқтырған науқас иммунитетке пайдалы дәрі-дәрмекті қолдануы керек пе?

Вирус жұқтырған адамға иммунитет көтеретін дәрі ішудің қажеті жоқ. Себебі ағзаға керісінше зиян болуы мүмкін. Иммунитеті төмен науқастар инфекцияны ауыр өткереді және олар ауруханада емделеді. Егер адам үйде емделіп жатса, онда иммунитеті нашар емес және оған арнайы дәрі қажет болмайды.

11. Коронавирус симптомдары анықталса, вирусқа қарсы дәрілерді қолдану керек пе?

Қазақстанда және басқа елдерде де ауруханада емделіп жатқан науқасқа дәрігерлер көмектеседі. Егер науқас үйде емделіп жатса, дәрісіз-ақ жазыла алады. Вирусқа қарсы дәрілер ағзаға кері әсер етуі мүмкін, сондықтан қандай жағдайда да маманға жүгіну керек.

12. Дәрігермен байланыса алмағанда не істеуге болады?

Егер науқас дәрігердің көмегін ала алмаса, уайымға салынбай, жағдайын бақылағаны дұрыс. Пандемияға және дәрігерлердің жұмысы көбеюіне байланысты олар бірден жауап бере алмауы мүмкін. Мұндай кезде адам өзінің жағдайын 0-ден 5-ке дейінгі балмен бағалап, қадағалауы керек. Егер нақты бір симптом болмаса, онда 0 балл, қатты байқалған симптомға 5 балл белгілеу керек. Мұндай анықтама дәрігерге науқастың жағдайын білуге жақсы көмектеседі.

13. Қай кезде жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жату керек?

Көбіне адамның коронавирус жұқтырғаны бірден байқалмайды, симптомдар біртіндеп біліне бастайды. Алғашқы аптада әлсіздік пен дене қызуы болса да, аса қауіпті емес. Егер науқас басынан ағзасындағы өзгерістерді бақылап жүрсе, онда жағдайының жақсарып не нашарлап жатқанын байқап, соған қарай жедел жәрдем шақыра алады. Әсіресе, демігу мен тынысалудың жиілігін, кеуде қуысының ауыруын жиі бақылап, арнайы қағазға жазып отыруы керек.