Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

23 ЖОО, 60 тонна пластик: студенттер экология мәселелерін шешуге арналған жобаларын ұсынды

Фото: ReStart
Астанада студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрақты даму қағидаттарын насихаттауға бағытталған ReStart жобасының 10-маусымы өз мәресіне жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жоба тұрақты даму мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталып, жастарды, жоғары оқу орындарын, мемлекеттік органдар мен бизнесті біріктіретін кең ауқымды платформаға айналған.

Бұрын «3.2.1 Start!» атауымен белгілі болған бастама кейінгі 10 жылда Қазақстандағы ең ірі студенттік экологиялық қозғалыстардың біріне айналды. Осы уақыт ішінде университеттерде эко-клубтар құрылып, қалдықтарды бөлек жинау жүйелері енгізіліп, пластикті қайта өңдеуге бағытталған жобалар іске асырылды. 2026 жылы бағдарламаға еліміздің 10 өңірінен 23 жоғары оқу орны қатысып, жалпы 60 тоннадан астам пластик жиналды. Маусым барысында студенттер сенбіліктер, білім беру акциялары және экологиялық жобалар ұйымдастырды, — делінген хабарламада.

Финалдың алғашқы күнінде командалар өз нәтижелерін таныстырса, екінші күні панельдік сессиялар өтті. Оған парламент мәжілісі депутаттары, министрлік өкілдері, БҰҰ даму бағдарламасы (UNDP) мамандары, сарапшылар мен бизнес өкілдері қатысты.

ReStart
Фото: ReStart

Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі Тоқтар Болысов жобаның болашақ мамандардың экологиялық көзқарасын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

CCI Kazakhstan өкілі Алина Абилева экологиялық бастамалардың бір реттік акция емес, жүйелі инфрақұрылымға айналуы маңызды екенін айтты. Ал «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту үшін коалиция» басқарма төрайымы Әлия Рахимбекова жобаның университеттерде нақты шешімдер қалыптастыратын алаңға айналғанын жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ReStart енді тек байқау емес, экологиялық шешімдер әзірленіп, ұзақ мерзімді іске асатын платформаға айналып келеді.

Жобаны CCI Kazakhstan қолдауымен «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту үшін коалиция» іске асырады. Финал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қолдауымен өтті.

Бас жүлде – 5 миллион теңгелік жабдық – Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті-не табысталды.