Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі кредиттер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерге біртіндеп әсер ететінін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның сөзіне қарағанда, басты нәтиже – инфляцияның баяулауы.
Журналистер инфляцияның төмендеуі халықтың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін сұрағанда, Сүлейменов базалық мөлшерлеменің бір пайыздық тармаққа төмендеуі азаматтардың тұрмысына бірден ықпал ете қоймайтынын айтты.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлемеден кейін әдетте бизнес пен халыққа берілетін кредиттердің пайыздық мөлшерлемелері де өзгереді. Сонымен қатар депозиттер бойынша кірістілік деңгейі де біртіндеп төмендейді.
Экономикадағы ақшаның құны азаяды. Банктердің қаржыландыру базасы арзандаған сайын олар кредиттерді де төмен мөлшерлемемен ұсына алады, – деді ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, кредит алушылар пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін уақыт өте келе сезінеді. Ал депозит иелерінің табысы да біртіндеп қысқаруы мүмкін.
Тимур Сүлейменов қысқа мерзімде базалық мөлшерлеменің төмендеуінен айтарлықтай әсер байқалмауы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен ол инфляцияның баяулауы негізгі жетістік екенін жеткізді.
Біз инфляцияны 12–13% деңгейінен 10,4 пайызға дейін төмендеттік. Бұл шамамен үш пайыздық тармақ. Нәтиже жаман емес, бірақ алда атқарылатын жұмыс әлі көп, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Мөлшерлеме жылдық 18,0 пайыздан +/- 1%-дық тармақ дәлізімен 17%-ға дейін төмендетілді.
