25 жастағы Алматы тұрғыны Айжан Барлыбаева осыдан үш ай бұрын жаңа пәтерге көшкен. Жаңа үйі өзіне ұнаған, дегенмен көршілерінің «мазасыз өмірі» алаңдата бастаған. Айжанның айтуынша, өзінен бір қабат жоғары орналасқан пәтерде 25-30 жас шамасындағы ерлі-зайыпты өмір сүреді. Бір қарағанда, олар — өте ашық-жарқын, сәлемі түзу адамдар. Алайда үйінен ұрыстың, айқай-шудың, жылаған әйелдің дауысы жиі естіледі. Айжан әуеліде назар аудармауға тырысқанымен, мұның апта сайын қайталанатынын байқаған. Тіпті бір күні ол көрші әйелдің денесі, көзі көгергенін көрген.
Күндіз жұмыста болған соң бұл кезде не болып жатқанын білмеймін, бірақ кешке қарай ұрыс басталғанда қатты дауыс, құлаған заттың дыбысы шығады. Көрші әйелді көргенде амандасамын. Сол кезде «Бәрі дұрыс па?» деп сұраймын. Әйел ештеңе болмағандай кейіп танытады. «Жеке өмірі ғой» деп мен де қазбаламауға тырысамын, бірақ ауладағы апалардан бұл жұптың жиі ұрсатынын және ері әйеліне үнемі қол көтеретінін естідім, — дейді Алматы тұрғыны.
Айжан көршілері кезекті рет ұрысқан кезде полиция шақырған.
Әйелдің жылаған, айғайлаған даусын естісеңіз, шошисыз. «Өлтіріп қоя ма?» деп ойладым да, полицияға хабарластым. Әйел үшін уайымдап, құқық қорғау қызметкерлерімен бірге өзім де есігінің алдына бардым, — дейді ол.
Айжанның сөзінше, зәбір көрген әйел күйеуінің үстінен арыз жазбаған екен. Дегенмен сол түні полиция ескертуінен соң көрші үйдегі ұрыс-керіс тынышталған. Алайда көрші ер азамат сол күннен кейін Айжанға да қоқан-лоққы көрсететін болыпты. Көрген сайын балағаттап, түртпектеп жүрген.
Сол кезде полиция шақырғаныма ашуланып, мені көрген сайын кемінде ғайбат сөз айтып, тиісіп өтетін болды. Бірде қатты ұрсып, шағымданатымды айтқанымда ғана басылды. Біреуге көмектесемін деген ниетім өзіме кесірін тигізді. Осыдан кейін мұндай жағдайға реакция білдіруге қорқып қалдым. Жоғары қабаттағы көршілердің үйінде жанжал кейін де бір-екі қайталанды, бірақ олар біраз уақыт өткен соң көшіп кетті. Қазір әлгі әйелдің жағдайы қалай, бірге тұра ма, жоқ па білмеймін, — дейді ол.
Көршіңіз әйелін ұрып жатса, не істеуге болады? Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа куә болған адам қалай әрекет етуі керек? Мұны заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліптен сұрадық.
1. Ер адам әйеліне физикалық күш көрсетіп жатқанын байқасақ, не істеу қажет?
Жалпы ер мен әйел арасындағы кез келген зорлық-зомбылық фактісін ең әуелі екі жақты қарастыру қажет. Біріншіден, бұл - адам мен адам арасындағы зорлық-зомбылық, екіншіден - ер мен әйел арасындағы отбасылық зорлық-зомбылық. Қазақстан Республикасының Конституциясында "Мемлекеттің ең бірінші құндылығы - адам" екені айтылған. Бұл бап бізге бір адамның екінші бір адамға қысым, зорлық-зомбылық көрсетуге құқы жоқ екенін, мұндай әрекетке заң жүзінде тыйым салынғанын көрсетеді.
Ал отбасы мәселесіне келсек, көрші немесе басқа да бар үшінші тұлға ер әйеліне күш көрсетіп жатқанын, ұрып жатқанын көрген жағдайда 102 номеріне хабарласып, полиция шақыртуы қажет. Бұл - саналы адамның әрекеті. Куәгердің мақсаты екі адам арасындағы жанжалда кімдікі дұрыс не қате, не себепті ұрысып жатқанын анықтау емес, зорлық-зомбылықты тоқтату болуы керек. Ал қалған мәселені құқық қорғау органдарымен бірлесіп, шешу қажет.
Әрине, ерлі-зайыпты арасындағы мұндай жағдайда үйде болса, адамгершілік тұрғысынан көрші ретінде есігін тоқылдатып, ескерту жасауға болады. Дегенмен айғай-шуын көршілері есту ықтималы бар екенін біле тұра ұрысып жатқанын адамды үшінші тұлғаның ескертуі тоқтатады дегенге сену қиын. Оған қоса, өкінішке қарай, елімізде көптеген әйел "Өз күйеуім ғой, кейін бірге тұрамын", "Ұят болады", ал басқалар "Отбасы мәселесі, араласпайын" деген ойға сүйеніп, полицияға жүгінбей жатады. Дегенмен мұндай жағдайды шешу және тоқтату үшін заң бойынша мемлекеттік құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген жөн.
2. Үшінші тұлғаның зорлық-зомбылықты көре тұра ешқандай реакция білдірмеуі неге қате?
Құқықтық нигилизм немесе құқықтық немқұрайлылық - заңсыздыққа көз жұмып қарау, оған мән бермеу, үндемеу, шара қолданбау, әрекет жасамау. Қылмыстық кодексте бұл адам құқығын бұзатын әрекет деп есептеледі.
Мысалы, бір адам көршісінің үйіндегі айғайлаған дауысты ести тұра немесе көзі көгерген әйелді көре тұра әрекетсіздік танытса, белгілі бір деңгейде ол да сол қылмысқа ортақтасқан болып есептеледі.
Полиция үшінші тұлғаның зәбір көрсетуші мен құрбанға тікелей қатысы болмаса, оны тергеу, экспертиза ісіне араластырмауы мүмкін. Дегенмен жоғарыда айтқан "әрекетсіздік танытпау" принципіне сүйеніп, отбасыға қатысы бар тұлға ретінде емес, құқықбұзушылықты көрген куәгер ретінде процеске қатысуына болады. Адам өзінің көргенін, естігенін айтып бере алады және құқық қорғау органдарынан экспертиза жасауын талап ете алады.
3. Куәгер зорлық-зомбылық фактісін видеоға түсіруіне бола ма?
Көбі рұқсатсыз біреуді видеоға түсіру "заңсыз" деп ойлайды. Ол рас, бірақ құқықбұзушылықты көрсеңіз, бұл мәселені өз бетіңізбен шешуге қауқарыңыз жетпейтінін түсінсеңіз, онда фото немесе видеоға түсіріп, оны құқық қорғау органдарына жолдауыңызға, сотта дәлел ретінде қолдануыңызға болады.
4. Куәгер қауіпсіздігі үшін полицияны аноним шақыртуына бола ма?
Иә, болады. Полицияға хабарласқанда шағымыңызды, мекенжайды айтқан соң жеке деректеріңізді құпия сақтауды сұрауыңызға болады. Біраз жылдан бері біздің құқық қорғау органдары мұны тәжірибеде жүзеге асырып келеді.
Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң өте ақсап тұр. Мысалы, нақты осы тақырыпты қамтитын үш-төрт заң бар. Олар: әкімшілік құқық бұзу жайлы кодекс, қинау, зорлық-зомбылық көрсету кезіндегі қылмыстық кодекс, отбасы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы деген заң бар. Осы заңнамалар еліміздегі отбасы мәселелерін реттейді, бірақ олар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды қарастырмайды. Оқиға, қылмыс болғаннан кейінгі нәрселерді ғана қамтиды. "Осындай зорлық-зомбылықты болдырмас үшін не істеу керек?" деген сұраққа жауап бермейді.
5. Зорлық-зомбылық жасаған адамға қандай жаза бар?
Бұрын әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекс бойынша зәбір көрсеткен адам 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) айыппұл төлейтін немесе 10 күнге қамауға алынатын. 2017 жылдан бастап жаза түрі өзгеріп, енді тек ескерту беріледі немесе 10 күнге қамауға алынатын болды.
Сонымен бірге 73.1 заңда парадокс бар. Оған сәйкес, адамның денсаулығына қысқа мерзімге зиян келтіру немесе еңбекке тұрақты қабілетін болмашыға жоғалту сияқты денсаулыққа қасақана жеңіл түрде зиян келтіру мәселесі қарастырылған. Бұған балалар мен ересектер арасындағы кез келген жердегі төбелес, жол апаты жатады. Оның жазасы - 15 АЕК мөлшеріндегі айыппұл. Дәл осы заңның астында тағы бір тармақша бар. Онда тура жоғарыдағыдай қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру тұрмыста болса, тек ескерту жасалады. Түсініксіз заң. Меніңше, отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қайта қарастырғанымыз жөн.