Ертең қандай фильмдердің тұсаукесері болады?

Kingsman

Күз мезгілі кино әлемі үшін де жемісті. Алғашқы айдың өзінде тамаша кинотуындылар экранға шығып үлгерді. Ертең, 21 қыркүйек күні тұсаукесері болатын туындылардың тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

1. "Тұтқындар"

©kino-teatr.ru

Ресей мен Грузия мамандары бірігіп түсірген фильм 21 қыркүйек күні экранға шығады. Фильмде КСРО құламай тұрған кездегі Грузия елі көрсетіледі. Жаһандық оқиғаның аясында бостандықты қалаған жастардың хикаясы бейнеленген.

Жаңа фильм тарихи драма, триллер жанрында түсірілген. Басты рөлдерде Иракли Квирикадзе, Тинатин Далакишвили, Гига Датиашвили, Гиорги Грдзелидзе сынды актерлар ойнайды.

2. "Қойма"

©Kino-profi.org

Қорқынышты фильмдерді ұнататындарға жақсы жаңалық! Ертең америкалық режиссер Дэн Буштың "Қойма" фильмі экранға шығады.

Кинотаспаның сюжеті банк тонаушы қылмыскерлер аясында өрбиді. Жігіттер қаланың бір жерінде алтынға толы құпия қойманың бар екенін біледі. Ақыры бұзақылар тобы қойманы тауып, ашады да, көне әзәзілдерді бостандыққа жібереді. Кейіпкерлердің ендігі басты мақсаты - жындардың құрбанына айналып кетпеу.

3. «Kingsman: Алтын сақина»

Kingsman
©movienewsguide.com

Комедия мен шытырман оқиғаға толы «Kingsman: Алтын сақина» атты фильмде Тэрон Эджертон, Ченнинг Татум, Джулианна Мур, Холли Берри, Колин Фёрт, Педро Паскаль сынды актерлар ойнайды.

Фильмнің сюжеті бойынша агент Kingsman Эггсидің шытырманға толы оқиғаларын баяндайды. Бұл жолы кейіпкер Джулианна Мур сомдаған қатігез әйелдің қастығына қарсы әрекет ету үшін Statesman америкалық құпия ұйымымен байланысады.

4. «ЛЕГО Ниндзяго Фильм»

«ЛЕГО Ниндзяго Фильм»
©Kinopoisk.ru

Қыркүйек айының балаларға да базарлығы бар. 21 қыркүйек күні «ЛЕГО Ниндзяго Фильм» мультфильмі жарыққа шығады. Фильмді Дания мен АҚШ-тың Чарли Бин, Пол Фишер, Боб Логан есімді режиссерлары түсірген.

Мультфильмде Ллойд есімді жас ниндзя Ниндзяго-сити атты ержүрек тобымен бірге жауыз Граммадонды тоқтатуға тырысады.