Astana Hub технопаркі ІТ-маманды қалай қолдайды?

Astana Hub
Фото: Eurasian-research.org

EXPO 2017 халықаралық көрмесіне деп салынған павильондар кейін түрлі кеңсе мен орталыққа айналды. Солардың бірі — Astana Hub халықаралық технопаркі. Бұл — ІТ саласына қатысты жоба. Стартап, инвестор, менторлардың басын қосқан орталыққа келушілерге көп мүмкіндік пен жеңілдік бар.

1. Astana Hub деген не?

Astana Hub – ІТ бойынша стартаптардың халықаралық технопаркі. Мұнда қазақстандық және шетелдік ІТ-компаниялар мен технологияларды дамытуға жағдай жасалған. Astana Hub технопаркінің басты мақсаты – дүниежүзіндегі білікті ІТ-мамандардың басын қосып, инновациялық жобалардың орталығына айналу.

Технопарк 2018 жылғы қарашада ашылған. Мұнда стартапты дамытудың екі жолы бар. Алғашқысы – акселерация (жылдам дамыту), екіншісі – бағдарламаны инкубаторлық дамыту.

Акселерация стартапты алғашқы кезеңінде жылдам дамытуға көмектеседі. Арнайы іріктеуден өткен жобаларға бизнестің көрсеткіштерін жоғарылататын құралдар беріледі. Атап айтсақ, табысты кәсіпкерлерден менторлық, трекинг, 300 сағаттан тұратын тренинг, нарықтағы мықты командалармен networking және Astana Hub ғимаратынан кеңсе беріледі.

Ал инкубация кезеңінде базалық білімге қол жеткізу мүмкіндігі, инвестиция тартуға көмектесу, БАҚ-пен байланыс орнату, компанияның PR бағытын дамыту сияқты көмек көрсетіледі.

Бұған қоса, Astana Hub-та «Шеберхана» атты прототиптендіру зертханасы мен R&D орталық жұмыс істейді. Мұнда жас ғалымдар зерттеу жұмысымен айналысады.

2. Astana Hub кімге арналған?

Ең әуелі ІТ-стартап авторларына арналған. ІТ-стартап идеясы бар маман орталықта оны бизнеске айналдырып, тиімді әрі ұтымды жағдайда жүзеге асырады.

Венчурлық кәсіпкер Astana Hub технопаркіне инвестиция салу үшін болашағы бар жобалар тауып, қаржыландыру үшін келеді.

Astana Hub
Фото ашық дереккөзден

Отандық және шетелдік ІТ-компаниялар өнімдері мен зертхана ұсыну арқылы технопаркпен серіктес бола алады. Ал ІТ саласындағы ментор, сарапшылар үшін Astana Hub орталығы тәжірибесін бөлісіп, идея алмасатын алаңға айналды.

Негізі Astana Hub тек ІТ-мамандардың жабық клубы емес. Мұнда кез келген адам келіп, технопарк жұмысымен танысып, түрлі мастер-класқа, шараға қатыса алады. Орталықта ұйымдастырылатын шаралар туралы Astana Hub-тың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан немесе кеңсе қызметкерлерінен сұрап білуге болады.

3. Astana Hub қатысушылары қандай салықтан босатылады?

2018 жылғы шілдеде Astana Hub технопаркінің қызметіне байланысты венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданды. Жаңа заң бойынша технопарк қатысушыларын тәуекелді келісім жасаудан қорғау және шетелдік қатысушылардың виза мен қызмет тәртібін ұйымдастыру барынша жеңілдетілді.

Осының нәтижесінде 2018 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан президенті Astana Hub қатысушыларын бірқатар салық пен төлемнен босататыны туралы заңға қол қойды. Атап айтсақ, Astana Hub қатысушылары ЖТС (ИПН) , КТС (КПН), ҚҚС (НДС) және резидент емес тұлғаларға салынатын әлеуметтік салықтан босатылды. ІТ-стартап жасаған Astana Hub қатысушыларының қызметкерлері үшін жеке табыс салығы (ИПН) 0%,  корпоративтік табыс салығы (КПН) 0% болып бекітілді.

Сонымен бірге Astana Hub қатысушыларының венчурлық қорлардан өтеусіз алынған мүлік түріндегі кірістері, Astana Hub қатысушыларына беруге арналған өтеусіз алынған мүлік түріндегі венчурлық қорлардың кірістері, дивидендтер және капиталдың өсімі резиденттер үшін 0%, елде 3 жылдан аз тұрған резидент еместер үшін 5%, 3 жылдан көп тұрған резиденттер үшін 0% болады. Осы заң арқылы отандық ІТ саласы өнімдерінің экспорттық потенциалы өсіру көзделген.

4. Astana Hub білім беру бағдарламасы

Орталықта Astana Hub білім беру бағдарламасы бар. Бағдарламаның басты мақсаты – IТ саласын қарапайым тұрғындар арасында экозиянсыз дамыту. ІТ мен бизнес саласынан хабары жоқ, бірақ қызығушылығы бар адамдар орталықтағы білім беру бағдарламасының көмегімен ақпараттық технологиялар бойынша базалық білім ала алады.

Білім беру бағдарламасына оқушы, студент, фрилансер, кәсіпкер – бәрінің қатысу мүмкіндігі бар. Бағдарлама арқылы технология саласындағы кәсіпкерлікті дамытып, Қазақстан азаматтары арасынан талантты ІТ-маман дайындап, команда күшін арттыру көзделген.

Astana Hub білім беру бағдарламасы әзірге стартап мектебі, фриланс мектебі, No Code School, Beta Career, ЖОО-дағы технологиялық кәсіпкерлік курсын қамтиды.

Astana Hub
Фото: Trend.az

Орталықтағы курстар барынша қарапайым тілмен түсіндіріледі. Мысалы No Code курсы ешқандай бағдарламалау тілін білмей-ақ, стартаптың минимал прототипін жасауды үйретеді. Мұнда Аdola және Webslow құралдарымен жұмыс істеуді меңгерген қатысушы web-бағдарлама мен сайт жасаудың алғышартымен танысады. Курсты сәтті аяқтап шыққан қатысушыға сертификат беріледі және Telegram-дағы No Code Community каналы арқылы кейін де ақпарат беріліп отырады.

5. Astana Hub жұмысқа орналасуға қалай көмектеседі?

Ірі ІТ-компанияға жұмысқа орналасу үшін технологиялық дағдыларды меңгеру жеткіліксіз. Дұрыс портфолио мен резюме дайындай білу, soft skills дамыту, әңгімелесу дағдысын меңгеру де маңызды.

Astana Hub орталығындағы Beta Career қауымдастығы аталған дағдыларды дамытуға көмектесу мәселесін да қарастырған. Қауымдастық ІТ саласының студенттері мен түлектеріне карьера траекториясын тиімді жоспарлауға және кәсіби қызметте табысты болуға арналған сабақтар өткізеді.

Тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіру, резюме мен портфолио дайындау алгоритмін үйретіп, тіпті, соңында ІТ компанияларында тәжірибеден өтуге көмектеседі. Бизнес және ІТ мамандығында оқитын 3-4-курс студенттеріне танымал ІТ компанияларымен бірге іріктеу шарасын да ұйымдастырады.

Төртінші индустриялық революция кезеңінде ақпараттық технологиялардан хабардар болу, базалық білім алу барлығы үшін маңызды. Ол үшін ІТ факультетінде оқып, терең үңілмесек те, негізгі алгоритмін үйренуге болады. Astana Hub орталығының мақсаты да сол, халықтың DQ деңгейін экозиянсыз тәсілмен тегін көтеру.