Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотека бағдарламасы талаптары қандай?

ипотека
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Отбасы банкі» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотека бағдарламасы шарттарын жариялады. Бұл бағдарлама әйелдерге несиені 15% бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді.

1. Ипотеканы қандай мақсатта пайдалануға болады?

Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасы арқылы жаңа немесе қолданыста болған тұрғын үйді сатып алуға және/немесе оны жөндеуге деп несие рәсімдеуге болады.

2. Ипотека алушыға қандай талап қойылады?

Несие алушының жасы - 18 жастан 65 жасқа дейін. Несие өтінімін берген сәтте қатысушының жасы 65-ке толмаған болу керек, сондай-ақ несие клиент 70 жасқа келгенге дейін өтеліп бітуге тиіс.

Отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауға тиіс.

3. Ипотека арқылы берілетін несиенің ең жоғары сомасы қанша?

Бағдарлама арқылы сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңге.

Алайда несиенің ең жоғары сомасы қатысушылардың ай сайынғы кіріс көлеміне байланысты есептеледі.

  • отбасының айлық кірісі 200 000 теңгеге дейін болатын қыз-келіншектер үшін – сатып алынатын тұрғын үй құнының 85%-і;
  • ал отбасы кірісі 200 000 теңгеден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін – сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%-і несие түрінде беріледі.

Мысал арқылы түсіндірейік.

  1. Отбасы табысы 200 мың теңгеден аспаса:

Несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 85%-не дейін құрайды. Мәселен, пәтердің бағалау құны 10 миллион теңге болса, несиеге 8,5 миллион теңгеге дейін қаражат алуға болады.

  1. Отбасы табысы 200-320 мың теңге аралығында болса:

Тұрғын үйдің бағалау құнының 80%-не дейін несие түрінде беріледі. Мысалы, пәтер бағасы 10 миллион теңге болса, несие ретінде 8 миллион теңгеге дейін рәсімдеу мүмкіндігі бар.

4. Үй жөндеуге берілетін ең жоғары несие сомасы қандай?

Тұрғын үйді жөндеуге 3,7 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі. Шарт бойынша клиент жөнделетін тұрғын үйдің меншік иесі немесе иегерлердің бірі болуы керек. Несие рәсімдеушінің атында баспана бар-жоғы тексерілмейді.

Жөндеу жұмыстарына несие алу үшін шығындар сметасы толтырылады, жөндеуге дейінгі және жөндеуден кейінгі фото суреттер қажет болады. Құрылыс материалдарын сатып алу туралы түбіртек тапсыру талап етілмейді.

5. Ипотеканың негізгі шарттары қандай?

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) 12,2%-тен басталады).

Кейінірек несие тұрғын үй заемы болып ауысады, бұл кезде мөлшерлеме 3,5%-ке дейін төмендеуі мүмкін (ЖТСМ 3,6%-тен).

  • бастапқы жарна – 15-50% аралығында;
  • Отбасы Банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес.
  • Несие алу үшін клиент төлем қабілетін растауы қажет. Ресми тұрақты табысы болуы керек.
  • Жалдамалы жұмыскерден соңғы 6-12 айдағы жалақысы туралы құжат, ал жеке кәсіпкерден соңғы 1 жылдағы салық декларациясы талап етіледі. Несие алушының табысы жеткіліксіз болса, ол кез келген екі адамды заемшылас болуға шақыра алады (мысалы, достары, туыстары, таныстары).
  • Ипотека алғанда салық жеңілдіктерін де қолдануға болады, яғни жалақыдан жеке табыс салығы азырақ ұсталады.

6. Ипотека берілетін ең ұзақ мерзім қандай?

Үй алу үшін несие 25 жылға дейінгі уақытқа, ал үй жөндеу үшін 10 жылға дейінгі уақытқа беріледі.

7. Несие алу үшін кепілдік (залог) керек пе?

Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік (залог) керек. Кепілдік ретінде қойылатын үй:

  • кірпіштен салынса, қолданысқа берілген сәттен бастап саналатын мерзім 60 жылдан аспауы керек;
  • панельден салынса, 50 жыл аспауы керек;
  • ағаштан салынса, 30 жыл аспауы керек;
  • қамыс немесе саман тастан салынған үйлер кепілдік ретінде қабылданбайды.

Кепілдікке несие алушының немесе кез келген үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті қоюға болады.

8. Несие алуға өтінішті қалай береді?

Өтініш беру үшін:

1. www.hscbk.kz веб-сайтына өтіңіз;
2. Басты бетте немесе НЕСИЕ АЛУ бөлімінде "ҰМАЙ әйелдер ипотекасы" бөлімін таңдаңыз.
3. Атыңызды, тегіңізді, телефон нөміріңіз бен ЖСН-ді енгізіңіз.
4. Өтінімді жіберу батырмасын басып, байланыс орталығы операторының телефон шалуын күтіңіз.