18 жасқа дейінгі бала қандай медицина көмегін тегін алады?

балалар, коронавирус
Иллюстрация: Dribbble.com/©Jormation

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры балаға медицина көмегін беру бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

1. Балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуім керек пе?

Жоқ, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдігі бар санатқа жатады. Мемлекет балаларға МӘМС үшін өзі аударым жасайды.

2. Балаларға арналған стоматология қызметтері МӘМС пакетіне кіре ме?

18 жасқа дейінгі балалар стоматология көмегін шұғыл және жоспарлы түрде тегін алады. Медициналық сақтандырудағы стоматология қызметтері пакетіне мыналар кіреді:

- тісті жансыздандыру және жұлу;
- пломба салу;
- абсцесстерді ашу;
- пульпит, периодонтитті емдеу;
- гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомия пішінін толық функционал қалпына келтіру;
- ерін мен тіл пластикасы;
- рентгенография;
- ортодонтия қызметтері: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі болған кезде.

Стоматология көмегін алу үшін емханаға да, стоматология клиникасына да жүгінуге болады. Клиника қордың тізімінде болуға тиіс.

Стоматология қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізімін қордың сайтынан көруге болады.

3. Балаға қандай жағдайда құрғақ сүт қоспасы беріледі?

Бір жасқа дейінгі балаға құрғақ сүт қоспасы тіркелген жеріндегі емханада мынадай жағдайда беріледі:

- емшектегі нәрестені асырап алғанда;
- ана АИТВ инфекциясымен немесе туберкулезбен, жіті психикалық аурулармен, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларымен, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулармен, эндокрин және аллергия ауруларының ауыр түрімен ауырған жағдайда;
- балада туа біткен лактаза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, "үйеңкі шәрбаты" ауруы болғанда;
- анасы цитостатика, радиоактив, тиреоид, психотроп және есірткі дәрілік препараттарды қабылдаған жағдайда;
- емшек сүтінің жетіспегенде;
- әйел күндізгі оқу нысанында оқығанда;
- әйел стационарда емделіп жатқанда.

Ананың жағдайына байланысты оған тек жасанды және аралас тамақтандыру тағайындалуы мүмкін.

4. Созылмалы ауруы бар балаларға қандай оңалту шаралары қарастырылған?

Созылмалы ауруы бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медицина оңалтуынан өте алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.

Үшінші кезеңді оңалтуды пациенттің ауруына байланысты медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда жүргізеді.

5. Спорт секцияларына жазылмас бұрын электрокардиография, жүрек ультрадыбысын тегін жасатуға бола ма?

Әрине. Бұл үшін тіркелген жері бойынша учаске дәрігерінің немесе педиатрдың қабылдауына жазылу қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама береді және ол спортқа қарсы көрсеткіштерді болдырмау үшін қажет шараларды тағайындайды.

6. Балалар дәрігерін қай кезде үйге шақыруға болады?

5 жасқа дейінгі баланың денсаулығы нашарласа, учаске дәрігері оны үйде қарайды.

5 жастан асқан баланы да дәрігер үйде тексереді. Алайда шақыру себебі және баланың жағдайы ескеріледі.

7. Жеке клиникаларда жоспарлы вакцинаны тегін салғызуға бола ма, ол үшін не істеу керек?

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес, инфекциялық ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротит (свинка) қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер – балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда тегін жүргізіледі.

Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі адамның жасына сәйкес Ұлттық екпе күнтізбесімен белгіленген.

8. Балаға туа біткен жүрек аномалиясы диагнозы қойылды, оған қандай көмек бар?

Туа біткен жүрек кемістігі бар балаларға медицина көмегі диагностикалау мен емдеудің барлық кезеңінде тегін беріледі.

9. Балабақшаға немесе мектепке ресімдеу кезінде медицина анықтамасын сатып алу керек пе?

Жоқ, сатып алудың қажеті жоқ. Балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін медицина анықтамасын тіркелген жері бойынша емханадан сұратуға болады.

Анықтамаға баланың физиология параметрлері, аллергия реакциялары, созылмалы және бұрын болған инфекция аурулары, салғызған екпелері, профилактика тексерулері және зертхана талдауларының нәтижелері және тағы басқалары енгізіледі.

Бала балабақшаға қабылданғаннан кейін картаны сондағы медицина қызметкері толтырады.

10. Баланы профилактика тексеруінен қаншалық жиі өткізу керек?

Баланы профилактика тексеруінен жыл сайын – туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін жүргізіледі.

Мектепке дейінгі мекемелер тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындары оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді.

Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында тексеруге болады.