БҚО-да «Айбынды Алаш жастары» аймақтық форумы өтті

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінен келген белсенді жастар форумына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы А.Сакошев, аудан әкімі Т.Төреғалиев, ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қ.Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері И.Ескендір, облыстық және аудандық жастар ұйымдарының көшбасшылары, жұмысшы жастар, жас кәсіпкерлер қатысты.

Жастар алдында аудан әкімі Т.Төреғалиев сөз алып, Сырым өңірінде атқарылған шаралар турасында толық мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл ауданда жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты. Жымпитыдағы Алаш мұражайы жаңғыртылды, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жерлерінің республикалық тізіміне енді.

Форумның арнайы қонағы, ақын Қалқаман Сарин: «Еліміздің тарихына тағзым ету бағытында біз бабаларымызға әлі де қарыздармыз. Олардың тәуелсіздік жолында дінімізді, тілімізді, дәстүрімізді, жерімізді және еліміздің тұтастығы үшін күрескені жолында біздің алатын сабағымыз мол. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Ол жаңа технологияның тілі» деп өз пікірін білдірді форумда.

Одан әрі ақын рухты жырларын оқыса, әнші Ибрагим Ескендір өз өнерін ортаға салды. С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры А.Ойшыбаева жастарға Алашорда үкіметінің тарихынан сыр шертіп, «Алаш жолымен…» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияның сапары жайында әңгімеледі.

Форумға қатысушылар Жымпиты ауылындағы Алашорда зиялыларына арналған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, «Алаш» музейімен танысты, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепте болып, «Жанша» театрландырылған қойылымын тамашалады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да