Алматыда қоғамдық орында ниқаб киіп, қымыз жарнамалағандар анықталды

Алматыда әлеуметтік желіге жарияланған жарнама ролигі үшін компания өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға қаладағы сауда орталықтарының бірінде болған. Онда ниқаб киген төрт әйелмен бірге дүкен аралап жүрген ер адамның видеосы желіде тараған. Тексеру барысында бұл көріністің коммерциялық мақсатта, яғни қымыз өнімін жарнамалау үшін түсірілгені анықталған.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониториң нәтижесінде аталған бейнежазбаны анықтап, мән-жайды тексерген.

Түсірілімге қатысушылардың әрекеттерінен заң талаптарына қайшы келетін құқық бұзушылық белгілері табылған. Атап айтқанда, қоғамдық орында адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін қолданғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ресми ескерту алған, — делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары түсірілім тобына заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіріп, болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу керектігін ескертті.

Полиция өкілдері кез келген коммерциялық немесе шығармашылық түсірілімдер заң аясында жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.