ШҚО-да жоғалған 3 жастағы қыз көл жағасынан табылды

ШҚО-ның бір ауданында жоғалып кеткен үш жастағы қыз төрт сағаттан астам уақыттан кейін көл жағасынан табылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ПД мәліметінше, бүлдіршін үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Ата-анасы баланың жоқ екенін байқаған соң алдымен өздері іздеп, 30 минуттан кейін полицияға жүгінген.

Хабар түскеннен кейін іздеу жұмыстарына полицияның жеке құрамы толық жұмылдырылды. Аулалар мен көшелер, жақын маңдағы аумақтар тексеріліп, жергілікті тұрғындардан сұрау жүргізілді. Сонымен қатар баланың жүруі мүмкін бағыттары жан-жақты қарастырылған, — делінген хабарламада.

Іздеу барысында аумақты әуеден бақылау үшін дрондар қолданылып, қызметтік иті бар кинолог мамандар тартылды.

Шамамен төрт жарым сағатқа созылған іздеу нәтижесінде бүлдіршінді Медет Жансейітов – ШҚО ПД қылмыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі – үйінен төрт шақырым қашықтағы көл маңынан тапты. Қыз бала ата-анасына аман-есен тапсырылды. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, — делінген хабарламада.

Баланың анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрі үйлесімді әрекеттері үшін алғыс білдірді.