Бектенов: Елде логопед, сурдолог, реабилитолог мамандар тапшы

Не болды?

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов инклюзия саласын сурдолог, реабилитолог және логопед мамандармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Олжас Бектенов Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында ерекше балалар орта білім ала алмай отырғанын, арнайы комиссиялар ондай балаларды тексеріп үлгермей жатқанын айтты.

Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды тексеріп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып жатыр. Арнайы мамандар: логопед, сурдолог, реабилитологтар жетіспейді, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының сұрағына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазір елімізде 69 сурдолог, 98 реабилитолог және 2 мыңнан астам логопед жетіспейтінін айтты.

Биыл колледж бен университеттерден жалпы 181 сурдолог, 190 реабилитолог, 1412 логопед оқуын аяқтап шығады. Сол жас мамандар екінші жартыжылдықта жұмысқа қосылады. Жалпы кадр тапшылығы мәселесін еңбек министрлігі денсаулық, оқу-ағарту және ғылым министрлігімен бірлесіп шешеді, — деді министр Асқарбек Ертаев.

Контекст

Естеріңізге салайық, Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алуына қажет сұранысқа ие мамандықтар тізімі 2026 жылдың соңына дейін жаңарады.