Мұғалімдерді аттестаттау ережелері өзгереді: жаңа талап қандай?

ҚР оқу-ағарту министрлігі педагогтарды аттестаттау ережелерін қайта қарап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, өзгерістердің басты мақсаты – мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтып, оларды формальды талаптармен емес, нақты жұмысының нәтижесіне қарай бағалау.

Жаңа тәртіп бойынша, аттестаттау рәсімінен міндетті эссе, ғылыми мақалалар, авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік әзірлемелер алынып тасталады. Министрлік бұл талаптар оқыту сапасына айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті.

Тестілеу тәсілі де өзгеріске ұшырайды. Енді тестілеу педагогтардың басым бөлігі үшін жойылады. Ол тек мамандыққа алғаш келгендерге, жұмысқа үзілістен кейін қайта оралғандарға, сонымен қатар мектеп басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлерге ғана сақталады. Қалған жағдайда мұғалімнің күнделікті жұмысы мен оқушылар жетістігі негізгі көрсеткішке айналады. Аттестаттау толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Процесс мемлекеттік базалармен интеграцияланған «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асады. Жүйе педагогтардың еңбек өтілі, біліктілігі, жетістіктері мен сертификаттары туралы мәліметтерді автоматты түрде жинақтайды, — делінген хабарламада.

Бұл ретте төлемдер бойынша қолданыстағы ережелер сақталады. Тестілеуден өтіп, шекті балл жинаған және портфолио арқылы біліктілігін растаған мұғалімдерге 1 қыркүйектен бастап қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар шекті балл жинай алмаған педагогтарға екінші мүмкіндік беріледі — тестті шілде айында қайта тапсыруға болады. Егер нәтиже талапқа сай болмаса, санат берілмейді. Балама нұсқа ретінде мұғалімдер аттестаттаудан жаңа модель бойынша өте алады. Бұл жүйе қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде іске қосылады. Сонымен қатар ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттары қысқартылып, негізгі назар практикаға – жобаларға қатысуға, тәрбие жұмысына және тәжірибе алмасуға аударылады, — делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, өтпелі кезеңде педагогтердің құқықтары толық сақталады. Жаңа жүйе мұғалімдерді артық есептіліктен босатып, оқушылармен жұмысқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да