Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің ұялы телефон қолдануына қатысты талаптарды жеңілдетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, 30 наурызда тиісті бұйрыққа қол қойылып, ұялы байланыс құрылғыларын әкелу, алып шығу және пайдалану ережелері жаңартылған.
Жаңа тәртіп бойынша, енді сарбаздар, курсанттар мен кадеттер телефондарын әскери бөлім аумағына өшірулі күйде еркін әкеліп, алып шыға алады. Сонымен қатар құрылғыларды тек казарма ішінде ғана емес, әскери госпитальдарда, әскери-медициналық бөлімдерде және емдеу-диагностикалық нысандарда пайдалануға рұқсат берілген.
Бұған дейін әскери қызметшілерге ұялы телефондарды шектеулі уақытта және көбіне тек казарма аумағында қолдануға ғана мүмкіндік болған. Көп жағдайда батырмалы телефондарға рұқсат беріліп, пайдалану уақыты да қатаң шектелетін.
Жаңа ережелер әскери тәртіпті сақтай отырып, сарбаздардың күнделікті өміріне қолайлылық енгізуді көздейді.
