Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде қайғылы оқиға орын алды — топырақ опырылып, екі жұмысшы қаза болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға туралы жедел ақпарат «112» пультіне түскен. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары оқиға орнына жедел жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, опырылған жердің тереңдігі шамамен 6 метр болған.
Құтқарушылар келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өз күштерімен шығарып алған. Кейін құтқарушылар топырақ астынан тағы екінші жұмысшыны алып шыққан. Зардап шеккендерге ТЖМ апаттар медицинасы орталығы мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оларды жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Алайда құтқару жұмыстары барысында үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Қаза болғандардың қай мекемеде жұмыс істегені әзірге белгісіз. Павлодар облысының полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
