Қазақстанда балабақша қымбаттады: Алматы көш бастап тұр

Қазақстанда балабақша қымбаттады. Мектепке дейінгі қызмет бағасы бойынша өңірлер арасында айырмашылық бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ranking.kz мәліметінше, 2026 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша елімізде мектепке дейінгі мекемелер қызметінің орташа бағасы айына 30 мың теңге болды. Бұл санатқа балабақшалар, бөбекжайлар, түрлі үйірме, секциялар мен түзету орталықтарының қызметі кіреді. Мәлімет Ұлттық статистика бюросы дерегіне негізделген.

Ең жоғары баға Алматыда тіркелген — айына 38,2 мың теңге. Бұл орташа республикалық деңгейден 27% жоғары. Екінші орында Астана (36 мың теңге), үшінші орында Қостанай (шамамен, 36 мың теңге) тұр.

Балабақшасы қымбат қала қатарына Өскемен (35,7 мың теңге) және Павлодар да (33,1 мың теңге) кірді.

Ал ең төмен баға Түркістан облысында тіркелген — айына 12,7 мың теңге. Бұл Алматымен салыстырғанда 66,7% арзан. Сонымен бірге салыстырмалы түрде төмен баға Тараз (19,3 мың теңге) бен Қызылордада (19,4 мың теңге) байқалды.

Жалпы алғанда, 2026 жылғы ақпанда республика бойынша мектепке дейінгі қызмет бағасы бір жылда 10% өскен. Ең жоғары өсім Өскеменде тіркеліп, 40%-ға жеткен. Сонымен қатар Семей (33,2%), Қонаев (24,1%), Петропавл (19,1%), Талдықорған (18,2%) және Тараз (18%) қалаларында да айтарлықтай өсім байқалған. Ал 20 ірі қаланың жетеуінде баға өсімі орташа деңгейден төмен болған, төрт қалада өзгеріс тіркелмеген. Қарағандыда баға керісінше 0,5% төмендеген, — делінген хабарламада.