Не болды?
Үкімет Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне қарағанда, құжатта ұлы ойшылдың мұрасын сақтау мен насихаттауға, сондай-ақ, Түркістанды рухани туризмнің орталығының бірі ретінде дамытуға бағытталған 37 іс-шара бар. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоспарда бес бағыт қамтылған:
- институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру;
- ғылыми-зерттеу және білім беру ісі;
- мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобалар;
- ақпараттық-имидждік және халықаралық іс-шаралар;
- мәдени мұраны алпына келтіру.
«Ясауитану» байқауы мен клубы
Іс-шараның басым бөлігі Түркістан қаласында өтеді. Қалада оқушыларға арналған дәстүрлі «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңін өткізу, ал музей жанынан «Ясауитану» клубын ашу жоспарланып отыр.
Ясауи мұрасы ЮНЕСКО шеңберінде насихатталады
Жоба аясында Қожа Ахмет Ясауи шығармалары мен ғылыми еңбектері басып шығарылады. ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауи мұрасы насихатталады. Сонымен қатар жоспарда ЮНЕСКО мен ИСЕСКО шеңберінде Ясауи жылын немесе арнайы мәдени күн жариялау көзделген.
Контекст
Естеріңізге салайық, енді Ясауи кесенесіне келушілер құжатпен ғана кіреді.
