Алматыда «STOP бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы басырында 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, екі күнде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегі анықталды. Рейд барысында қауіпсіздікке қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда:
- Көлік құралын басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік жүргізуінің 44 дерегі;
- Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың қайтадан көлік басқаруының сегіз дерегі;
- Жалған мемлекеттік нөмір пайдалану бойынша сегіз дерек;
- Қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 дерегі анықталды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам автокөлік, оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.
