Не болды?
Кеше Атырауда Onay электрон төлем жүйесі іске қосылып, сағат 10:00-ге дейін шамамен мыңға жуық жолаушы төлем жасаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
«АқЖайық» өңірлік басылымының ақпаратына қарағанда, қала тұрғындары төлем жасау картасын 10 минут ішінде рәсімдей алады. Бірыңғай көлік картасы «Ярмарка» желісінің 18 супермаркетінде сатыла бастады.
Жолаушылар мобайл қолданбада виртуал карта және QR-кодпен төлем жасай алады. Автобустардың қозғалысын бақылап, мүгедектігі бар жандарға бейімделген қоғамдық көлікті көре алады.
Қазір 250 қалалық автобуста 500 терминал істеп тұр. Бес автопарктің автобустары диспетчерлік жүйемен жабдықталған. Цифрлық жүйенің арқасында оқушылар тегін жүре алады, ал зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға 50% жеңілдік берілген. Көлік картасының бағасы — 800 теңге.
Smart Qala жаңа жүйеге қарсы
2026 жылғы қаңтарда Атырау әкімдігі 2019 жылдан бері қызмет етіп келген Smart Qala компаниясынан бас тартқан еді. Әкімдік мердігерді не үшін ауыстырғанын «тиімді төлем жүйесіне басымдық бердік» деп түсіндірген. Ал Smart Qala компаниясы бұл шешімге қарсы шығатынын мәлімдеп, антимонополиялық департаментке шағым дайындап жатқанын хабарлады.
