Қазақ дзюдошылар Еуропа кубогында 3 медаль еншіледі

Хорватияның Дубровник қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы айтулы жетістікке жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, отандық спортшылар қоржынға алтын, күміс және қола жүлде салды.

Жарыс нәтижесі бойынша, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Шамшаев қарсыластарынан басым түсіп, тұғырдың бірінші сатысына көтерілді. Ол турнирдің «алтынын» еншілеп, Қазақстан Әнұранын Хорватия төрінде шырқатты.

Құрама қоржыны тағы екі медальмен толықты. Дамир Болатбеков (60 кг дейін) — тартысты бәсекеде финалға дейін жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Ал Толқын Тұрсынақынова ауыр салмақта шеберлік танытып, үздік үштіктен көрінді және қола медальды иеленді, — делінген хабарламада.