«ҚазАвтоЖол»: Қазақстанның бірнеше облысында жол жабылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі автожолдардың қазіргі ахуалы туралы мәлімдеді. Бірқатар өңірде қозғалысқа шектеу қойылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Компания дерегінше, 30 наурыз күні ауа райының қолайсыздығы мен су тасқынына байланысты бірнеше республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды.

Солтүстік Қазақстан облысында «Тимирязево – Сарыкөл – Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30 шақырым аралығы (Тимирязево ауылы мен Қостанай облысының шекарасы арасында) көлік қозғалысы үшін шектелді.

Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» тасжолында Қалқаман жол айрығынан Қалқаман кентіне кіру және Астана бағытына шығу уақытша жабылды.

Қостанай облысында су тасуына байланысты (ені – 70 метр, биіктігі – 20 сантиметр) «Мариновка ауылына кіреберіс» автожолының 0-9 шақырым бөлігінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Сонымен қатар, бұл шектеу Ресей аумағындағы жолдардың жабылуына да байланысты енгізілген.

Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында (46-66 шақырым, Северный ауылына бұрылыс пен Серебрянск қаласына бұрылыс аралығы) тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысы шектелді.

Жүргізушілерге жолға шықпас бұрын бағыттарын нақтылап, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге кеңес беріледі.