Президент: Қазақстан озық елге қаншалық айнала алатыны ғылыми қауымдастыққа байланысты

Мемлекет басшысы ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде барша жұрт күш жұмылдырып, елімізді Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыру керек екенін айтты.

Адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін, — деді президент.

Тоқаев келер ұрпақ біздің кейбір кемшілігімізге көз жұмғанымен кейбірін кешірмейтінін де айтып өтті.

Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге көз жұма қарайтын шығар. Алайда олар Қазақстанды әділетті, қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы, — деді мемлекет басшысы.