Алматы-2 вокзалында экологиялық талаптар бұзылды

Алматыдағы Алматы-2 вокзалы аумағында локомотивтердің шығарындыларынан ластаушы заттардың шамадан тыс жоғары екені анықталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Eco Almaty ЖШС-ның мобильді экологиялық зертханасы қалалық табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп теміржол көлігінің ауаға тарайтын зиянды заттарына мониториң жүргізді. Тексеру барысында локомотивтердің шығарындылары өлшеніп, бірқатар көрсеткіштердің белгіленген нормадан асқаны тіркелді.

Атап айтқанда, көміртегі оксидінің (CO) концентрациясы 17,45-ке жеткен. Ал бір реттік шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) – 5,0. Яғни көрсеткіш шамамен 3,5 есеге жоғары.

Сонымен қатар күйе (қара көміртегі) деңгейі де нормадан асып кеткен. Өлшеу нәтижесі бойынша оның концентрациясы 0,528 мг/м³ болса, рұқсат етілген шекті мөлшері – 0,15 мг/м³. Бұл да шамамен 3,5 еселік артық көрсеткіш. Анықталған деректер бойынша тиісті ақпарат Алматының экология департаменті мен табиғатты қорғау прокуратурасына жолданған. Құзырлы органдар бұл фактілерді қарап, қажет шара қабылдауға тиіс, — делінген хабарламада.

Экологтар мұндай тексерулер тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Бұл жұмыстар атмосфералық ауаның сапасын бақылауға және ластану көздерін дер кезінде анықтауға бағытталған.