Солтүстік Арал теңізін қалпына келтірудің жаңа кезеңі басталады

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жоба аясында Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделіп отыр. Бұл Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде теңіз айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған.

Сонымен қатар министрлік Түркістан облысы және Қызылорда облысы аумағындағы Арал‑Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта жоба Қазақстан Республикасының премьер‑министрі төрағалық ететін халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2029 жылдарға жоспарланған. Кейінгі үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келген. Соның арқасында теңіздегі су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге дейін артқан, — делінген хабарламада.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Солтүстік Арал теңізін сақтау – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия үшін әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды міндет.